$ 481.84  531.33  5.07

«Жанымның сөз – жырларым»

ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағы Жезқазған аймақтық филиалының директоры, «Ұлт пен Ұлытау» журналының бас редакторы, бірнеше кітаптардың авторы, ақын Батырбек Мырзабеков мерейлі 70 жасқа толды. Осы мерейтой қарсаңында қолынан қаламы түспеген қарымды журналист, танымал ақын ағамыздың халықтар достығы мен мәдениеті үйінде қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Жанымның сөз - жырларым» атты шығармашылық кеші өтті.

Қаламгердің қазақ әдебиеті мен журналистика саласына, қаламыздың қоғамдық өміріне қосқан үлесі өлшеусіз. Жалпы Баткең ақжарқын, аңқылдақ, көпшіл, өте ізденгіш, ел мен жер тарихын жетік білетін, жан-жақты, ойын алыстан қармайтын, тереңнен толғап сөйлейтін, әзіл-қалжыңға да жүйрік, ұлтын, туған жерін жан-тәнімен сүйетін, еңбекқор жан. Осы жылдар аралығында ақын ағамыз қазақ руханятына елеулі үлес қосты.

Қалам құдіретін бағалай білген, проза мен поэзияның тізгінін қатар ұстаған Батырбек Тыныштықбайұлының жыр-кешін филология ғылымдарының кандидаты, ақын Ғазиз Ештанаев жүргізді. Кеш иесін алғаш болып Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов құттықтап, облыс әкімі Ерлан Қошановтың және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеровтың құттықтау хатын табыстап, астына ат мінгізді.

Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов жылы лебізін білдіріп кеншілер қаласының 45 жылдық мерейтойына арнайы шыққан медальмен марапаттап қаржылай сый-құрмет жасады. Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев мерейтой иесіне ұлытаулықтардың атынан сый-сыяпат көрсетті. Қаламгер ағамызды Алаштың айтулы ақыны Республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай мен айтыс жанашыры Жүрсін Ерман құттықтап өлеңдерін оқып, ҚР Жазушылар одағының құттықтау хатын, сыйлығын тапсырды. «Жезқазған туы» газетінде көп жылдар біріге қызметтес болған, бүгінде Тараз қаласының тұрғыны журналист Мақұлбек Рысдәулетов, ҚР мәдениет қайраткері Серік Тілеубаев, Нұрперзент Домбаев, жергілікті қаламгердің атынан Мұса Тілеуов, Амандық Рахұлы жылы лебіздерін жеткізді. Ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, шығармалары насихатталды. Сән-салтанаты келіскен тамаша кешті ҚР Еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов «Ұлытау» әнімен түйіндеді.

Аталған іс-шара осыдан кейін қаламыздағы «Ұлытау» мейрамханасында жалғасын тапты. Мерейтой иесін үлкен құрметпен ортаға шақырып, ұл-қыздары мен немерелері әке-аналарына деген сүйіспеншіліктерін әнмен жеткізді. Сәтбаев қаласының құрметті азаматы Мұзараф Аханов, «Қазақмыс корпорациясы» жанындағы «Ардагерлер кеңесі»ҚБ төрағасы, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Төлеген Бүкіров, аймақтық «Мысты өңір» газетінің директоры Медеу Қайрақтыұлы, «Вечерный Сәтбаев» газетінің бас редакторы Абдолла Дастан, ұлытаулық жерлестері, он жыл бірге оқыған құрдастары, жергілікті қаламгерлер басқа да құрметті меймандар ақжарма тілектерін арнады. Өз кезегіне Батырбек аға ел-жұртының шексіз құрметіне ризашылығын білдіріп, әулетінің атынан алғысын жеткізді.  

Ізтөлеу ТҮСІПОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары