19.08.2015, 08:19

Күләш АХМЕТОВА, ақын: Соңымнан ерген ақын сіңлілерімнен кешірім сұрағым келетін кездер болады

izdenis.kz

Ақын Күләш Ахметова жазу тәсілінің уақытпен бірге, өмір жасымен бірге өзгеріп келе жатқанын байқайды.

Қолына алғаш қалам ұстаған кездегідей емес, қазіргі өлең жазу тәсілі басқашалау. Алғаш өлең жаза бастаған кезде ақынның «кабинеті» кең даланың өзі болатын. Қалтасына оқушының тор көз дәптерінің бір-екі парағын салып алып, өзеннің жағасын, ағаштың арасын аралап кететін әдет мектеп оқушысы кезінде пайда болған. Бірақ, қандай өлең жазса да, кейде бір әріптің үстіне бір әріп түсіп кетсе де, тек оңаша түнді күтіп, айдың жарығымен жазғанды жақсы көретін. Абыр-сабырда, біреу кіріп-шығып жатқанда немесе жұмыс кабинетінде отырып өлең жазған емес. Бапты аса қажетсінеді.

Медучилищеде оқып жүрген жылдары «таңда тұрып жазып машықтанайыншы» деп ерте тұрып, жазуға талпынып көріпті. Бірақ, ұйқылы-ояу отырған адамға шабыт келмейді екен. Шабыт келмеген соң мөлдіретіп өлең жазу қайда, күнделік жазады, ойына оралып келіп қалған өлең тіркестерін қағазға түсіреді. Содан соң КазГУ-дің журналистика факультетіне түскен соң, алдымен жатақханада, кейін 2-курста тұрмысқа шыққан соң, пәтерде тұрғанда да өлең жазу қиынға соғады. Біреудің көзінше өлең жаза алмай-ақ қойды, жасырынып тағы жаза алмайды. Әсіресе, аяғы ауыр болып, сәби күткен ақын әйелде шығармашылықтан гөрі балаға деген мейірім көбірек бөлініп, балалар өсіп, қарақанаттанғанша жүрекке салмақ түсіріп, жан-жүйесін иіп ұзақ отырмай, өлеңді тиіп-қашып қана жазатын болды. Ұзақ жылдар пәтерден-пәтерге көшіп жүрудің азабы поэзияда ізін қалдырмай кеткен жоқ. Пәтерде тұратын қала қазақтарының өмірі белгілі: ол кезде жаз шыға Алматыға жететін абитуриенттер, оларды жетектеп келетін адамдар, дәрігерге қаралуға келген сырқат туысқан, не керек, келімді-кетімді кісі аядай бөлмеден бір күн үзілмейтін. Тек адам аяғы басылып, балалар ұйықтағанда ғана ақ қағазды айналдыруға мүмкіндік туатын.

–Жетпісінші жылдардың аяғында үшінші сыныпта оқып жүрген Жазира қызымның қысқы каникулында Мәскеуге қыдырып бардық,– дейді Күләш апай. – Ол кезде Кәкімбек Салықов ағамыз Мәскеуде, Кремльде жұмыс істейтін. «Жалын» баспасында жұмыс істеп жүргенімде, ағамыздың бір кітабына редактор болған едім, сол кітабын ала бардым. Ақын аға үйіне қонаққа шақырды. Дастархан үстінде Кәкімбек ағамыз бен жеңгеміз мәскеулік мәдениет туралы айтып, әсіресе шығармашылық адамының өз жұмысын ұйымдастыру жағын көбірек әңгімеледі. Жұмыс орнын көрсетті, есігінің алдындағы серуендейтін бағын, кітапханасын көрсетті. Маған қатты ұнады. Үнсіз қызықтым. Аз күннің ішінде мәскеулік мәдениет, мәскеулік тәртіп көңіліме қонғандай, жаныма жаққандай болды. Алматыға үлкен әсермен орала сала алдымен мен өзіме жеке жазу үстелін сатып алдым. Бұрын асүйде, мүмкіндік туған басқа бөлмеде жаза беруші едім. Сатып алған үстелімді жатын бөлмеге орналастырдым. Кереуетімнің бас жағында осы күнге дейін түнгі шам, қағаз-қалам тұрады, өлең өрнектері туа қалса, ерінбей тұрып, жаза қоямын. Мұндай кезде өлеңнің табылмай тұрған шешімі, ұйқасы, тіркесі өз-өзінен құйылып келіп жатады. Илхам, шабыт жоғары кеңістіктен келетін нәрсе ғой. Өлең жан әлеміңмен біте қайнасып кетеді екен. Бірақ, «жұмыс істейтін бөлмеңде ұйықтама, ұйықтайтын бөлмеңде жұмыс істеме» деген сөз бар. Алайда, мен оны кейін естідім. Енді мен: «Шіркін, жеке кабинетім болса ғой!» деп армандайтын болдым. Сөйтіп жүргенде, оған да қолым жетті. Кабинетте отырып халық музыкасын, халық күйлерін, Италия операларын, жан шымырлататын классикалық музыканың естілер-естімес, сызылтып қана баяу қойып жазғанды ұнатамын.

Күләш Ахметова – қалам таңдамағанымен, қағаз дейтін дүниеге өте қатты қарайтын ақын. Жазатын қағазы жай қағаз емес, аппақ қағаз болуы керек. Қағаз қанша қат болса да, еш аямастан молынан жұмсайды, кейде бір парақ қағазға бір-ақ шумақ өлең жазуы мүмкін. Ұнамаса, оны да жыртып тастайды. «Өмірде аса үнемшіл адам емеспін, ал өлеңге келгенде тіпті кеңмін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында студент Жазира сол кездегі Жекешелендіру комитетінің төрағасы Жәнібек Кәрібжановқа ағылшын тілінен аудармашы болып жұмыс істеді. Сөз реті туып қалғанда қызыма: «Құдайға шүкір, арымыз да, қолымыз да таза әйтеуір. Біреулер сияқты халықтың игілігін жекешелендіріп алған жоқпыз. Ештеңе жеген жоқпыз», дедім. Сонда Жазира: «Неге жеген жоқсың? «Қазақ әдебиетінің» қағазын жеп жатырсыңдар ғой» дегені. Сасып қалдым. Қайырбек екеуміз де газет-журналдардың, баспалардың төңірегінде жұмыс істегендіктен, жұмыс пен үйдің ортасында ақ қағаз бен ала қағазды арқалап жүретініміз шын еді. Сол ақ қағаздар әлі күнге дейін сарғайып, архивтерді ақтарғанда, әр жерінен шығып қалады.

Күләш апайдың айтуынша, ақындық – жай өнер емес. Өлең тебіреністен, толқудан туатындықтан, мұндайда бір өзі бір патшалық құрып отыратын ақынға берілген Тәңірдің сыйы ғана емес, сынағы да бұл. Расул Ғамзатов айтыпты: «Тіс бар да, ет жоқ, ет бар да тіс жоқ» деп. Бүгінде ат шаптырым кабинет болғанымен, жас күндегідей құйылып келіп тұрған өлең жоқ. «Бұрын ойға келген, жүректі мазалаған дүниенің бәрін жаза беретінмін. Біз де жас болдық. Өз соқпағымызға түскенше, орыстың мықты ақын қыздарына біз де еліктедік-солықтадық. Әртүрлі өлең жаздық. Өкінемін демеймін, бірақ соңымнан ерген ақын сіңлілерімнің баршасынан кешірім сұрағым келетін кездер болады. Олардың бірқатары маған да еліктеген болар. Сонда менің зияным тигендей қипақтап қалатыным рас. Қазір бір өлеңді жазбас бұрын ұзақ толғаныста боламын. «Осы тақырып маған не береді? Менің ұрпағыма, ұлтыма не береді? Дініме пайдалы ма? Менің азаматтық ұстанымдарыма қайшы емес пе?» деген сұрақтар төңірегінде жақсылап ойланып аламын. Анау кезеңде коммунист болдым, қазір бес уақыт намаз оқимын. Бұл екеуінің арасы жер мен көктей, еш қабыспайды. Ұлт тағдыры, ұлттық мүдде, ұрпақ мәселесі дегенге бір кісідей біздің де басымыз ауырады. Бірақ, осының ішінде адам болып қалу бәрінен де маңызды ма деймін. Сондықтан, адамгершілік, адами, имани тақырыптарға көбірек барсам деп, өзіме-өзіме тапсырмалар беріп отыратын болдым. Сөздің мәні, сөздің қуаты, сөздің жарығы, сөздің әсері, сөздің ықпалы болады дегенді осы күні енді ғана түсіндім. Өзің қартаярсың, ал өзіңнен кейін өлеңің қанша жылға, қай кезеңдерге дейін баратынын, оны кімдер оқитынын ешкім де дөп басып айта алмайды. Бірақ, қанша уақытқа барса да, оны әйтеуір біреу оқиды. Сонда сол сөз, сол өлең менің болмысымнан хабар береді ғой және сол сөздің сол оқыған адам үшін, сол заман үшін, осы ұлт үшін, осы қазақ үшін маңызы бола ма? Сол сөзді жеткізіп отырған мен қаншалықты қателеспей отырмын?» деген ойлар осы күні мені жиі мазалайды», деді өлең туралы кеңінен толғанған ақын апа.

Қазақ әйелінің ақындығы өте қиын шаруа. Бір жағында – бала-шағасы, бір жағында – мейманы, бір жағында – қағаз-қаламы, бір жағында – жұмысы мен той-дүрмектер. Соның арасында жарып өлең жазу оңай емес. Өзіңді ақын ретінде қалыптастырып, өз ұстанымың мен қолтаңбаңды қалдыру да оңай емес. Әлемнің басқа еліндегі әйелдер өзіне дәл қазақ әйеліндей, дәл қазақтың ақын қызындай көп жауапкершілік пен жүк артып алмаған шығар. Мұншама ерлікке пара-пар еңбекті қазақтың талантты ақын қызы Күләш Ахметова:

Қай мезгілдің, қай әлемнің, қай елдің

Қараңдаршы, жүріп өткен жолына.

 Азаматқа серік болған әйелдің

Дүниеге көрік болған әйелдің

Толғақ қысып, бала туған әйелдің

Бейнет үшін жаратылған әйелдің

Оған қоса қалам ұстап қолына

Илхам кешіп, ықтиярлы кеңесте

Жыр жазғаны бір ғаламат емес пе? – деп, ақын қыздардың арпалысты тағдырын өлеңнің тарыдай қауызына сыйдырыпты.

Айгүл Аханбайқызы