$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақ елі» кинокартинасынның жуырда аяқталуы екі талай

Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілетін шараға тура бір апта уақыт қалды. Десе де тұтас бір дәуірді қамтитын фильмнің түсірілім жұмыстары енді басталған.

Алтын Ордадан бастап, Еуразия төсінде бірнеше хандықтың мекен еткенін көрсетуге бағытталған «Қазақ елі» кинокартинасы жоба мақұлданғаннан-ақ, қып-қызыл даудың ортасында қалған-ды. Фильмді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатты сынады. Тіптен сценарийін өзі қайта қарап шығып, толықтырғаны бар. 

Алматы телеарнасының хабарлауынша түсірілім жұмыстары сағызша созылған «Қазақ елі» кинокартинасын жұртшылық жуырда тамашалауы екі талай. Бұған басты себеп - киноның сценарийі өзгерген, актерлер сапы да енді сайланыпты. Жауаптылар көрермен алғашқы серияларды тек желтоқсан айының басында көре алады деп отыр. Қуантарлығы, бектеріміз бен билерімізді, хандарымыз бен сұлтандарымызды отандық әртістер сомдайды екен. 
«Әрине, бұл өте күрделі. Өйткені бұл бүгінгі заманның көріністері емес. Оны өздеріңіз білесіздер, киімі бар, салатын әр түрлі киноөндірістегі сол замандағы үйлерді көрсету керек. Сол замандағы киімдерді тігу керек. Барлығы ұзаққа созылды»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің комитет төрайымы Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА. 
Қаржыға келсек, 10 сериялы фильмге бөлінген 5 миллион доллар тек бастапқы жұмыстарға ғана жететін көрінеді. Ұлттың айнасы болатын картинаны жетер жеріне жеткізу үшін шамамен мемлекет қамбасынан тағы сонша қаражат қажет. Ресейден келген әртістерді күткенде аста төк болатын шенділер бұл жолы ысырапшылдыққа бармайтын болыпты. Қалай болғанда да, дүбірлі тойды өз деңгейінде өткізу Алаш жұртына сын дейді ұлт мақтаныштары. 
«Бұл халыққа, өнер адамдарына беретін әсері үлкен. Бұл өнер адамдары арқылы халыққа жететін тарих. Сондықтан мұндай тарихи оқиғалар әр уақытта елге керек»,- деді ҚР халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі ӘШІМОВ. 
Тарихымызды түгендеп, хандығымыздың мерейтойын атап өтетін күн - 11 қыркүйек. Елордада таң алаукеуімнен ұлттық ойындарымыз бен мәдени шаралар легі басталады. Ал, 9 қазанда киелі Тараз жерінде елімізде теңдесі жоқ мұражай ашылмақшы. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары