25.11.2018, 04:26

Ескендір Сүлейменовтің өлімі: Төреғали Төреәлі кінәлі деп танылған қызды кешіруді сұрады

Белгілі әнші Төреғали Төреәлі Ескендір Сүлейменовтің өліміне кінәлі деп танылған Малика Мұхитованы кешіруді сұрады. Ол әлі де тұрмысқа шығып үлгермеген қыздың болашағына алаңдайтынын жеткізді.

«Қара нардың қабырғасын қайыстырып, қыраны қыршын кеткен ардақты Олжас ағамыздың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Тас түскен жеріне ауыр, бізге де жеңіл тиіп тұрған жоқ. Бауырымыздың бақилық болуы Алланың ісі деп білемін. Сол жағдайға Малика қызымыздың тап келіп қалғаны тағдыр! «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дейтін кешірімді xалық емес пе ек?! Әдейілеп қолымен жасалмаса да, мойынымен көтеріп тұрған осы қыздың болашағына алаңдаймын. Қазақтың әр ұлы бауырым, әр қызы әпке-қарындасым! Сондықтан қаракөздерімізді жәутеңдетіп, тағдырына тосқауыл болмайықшы! Ешкім де, ештеңе де мәңгі емес қой!», – деп жазды әнші Instagram-парақшасында.

Сондай-ақ, ол әр адам Алланың алдында бір пенде екенін атап өтті. Сол себептен де Маликаға кешіріммен қарап, көпшілікті бірігуге шақырды.  

«Біз кім болсақ та, кімнің баласы болсақ та, бәріміз Алланың алдында бірдейміз! Дәрменсіз де, пәрменсіз де мына біз! Бұл тағдыр! Ешқайсысымыз өз тағдырымызда не күтіп тұрғанын білмейміз! Сондықтан Алладан келген жарлықпен, әр сынаққа сабырмен қарап Маликаны қолдап, кешіру де өз қолдарыңызда тұр ағайын! Баршаңызды бір болуға шақырамын!», – дейді Төреғали Төреәлі.