14.09.2015, 11:42

Ат басындай алтын берсе де, атшаптырым кабинетте жаза алмайды

old.abai.kz

(Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлының шығармашылық лабораториясы туралы)

Ақын Несіпбек Айтұлы өлеңді шабыты келгенде ғана жазады. Базбір ақындарша өлеңді жазып тастайыншы деп арнайы отыра қалып, жыр шумақтарын көл-көсір етіп төгіп тастауды білмейді.

Көп толғанады. Кейде өлең өзі келе қалады. Өзі келген өлең көбіне тез жазылады. Редакциялар тарапынан берілетін тапсырма өлеңдерді жазу да онша қиындық тудырмайды. Ақынның ұғымында жазып жүрген өлеңдері екіге бөлінеді. Бірі – «өз аяғымен» келетін өлеңдер, бірі – ұзақ ойланып барып саналы түрде жазылатын өлеңдер. Бір аңдағаны, тұтқиылдан туған өлеңдер ұтымдылау шығады. Кейде алдымен бір-екі иірім ұйтқыған ұйқастар туады да, сол ұйқастар ақынды жетелеп алып кететін кездер болады. Түзде туған өлеңдер өте сирек, негізінен, өлеңдерін үйде отырып жазғанды жөн көреді. Қайсыбір қаламдастары секілді көз көрмес, құлақ естімес жақтағы әлдебір куророттарға кетіп, салқын санаторийлерде жатып, шығармашылық үйлерін жағалап өлең тудыра алмайды. Домбыра тарта алмайды, бірақ, неге екені белгісіз, өлең жазғанда домбыраны тыңқылдатып, әуенге салып отырып жазады.

Бір қызығы, Несіпбек аға өлеңді жалаң аяқ отырып жазғанды жақсы көреді екен. Бала кезінде жалаң аяқ көп жүрген болуы керек, жаз болсын мейлі, қыс болсын, жалпы сол әдеті әлі күнге қалмаған. Ұзындығы есік пен төрдей, атшаптырым кабинет дегеніңізді ақын ат басындай алтын берсең де мойындай алмайды. Өйткені, кабинетте отырып өлең жазу дегенді мүлде түсінбейді. Өлеңді асүйде, басқа бір ыңғайлы бөлмеде шай ішіп отырып жазады. Бұрынырақта оқушы дәптеріне, блокнотқа жазатын еді, қазір ақ параққа ауысқан. Бұрқыраған көп қағазды ұстамайды, жазып болған соң, жарияланып, жарыққа шыққаннан кейін бүктеп, шетінен лақтырып отырады. Несіпбек Айтұлының жазу дағдысындағы басты ерекшеліктерінің бірі – негізгі басты өлеңдерін жылдың бір-ақ мезгілінде жазатындығы. Күздің соңын ала бере, қараша, желтоқсан айларында қара өлеңнің ізіне түскен «қансонар» сәуір, мамыр айларын алқымдап барып аяқталады. Өлең тек қыста ғана туады. Ыстық түскен соң қаламын «суытып» қояды. Төлқұжаты кейін алынған соң «қыркүйек» деп жазылып кеткені болмаса, өзі де желтоқсан айында дүниеге келген. Сондықтан да болар, желтоқсан айының шығармашылығына, жазу машығы мен дағдысында әсерінің күшті екенін сезеді. Ақын жазғанда ұйықтамайды немесе ұйықтап жатып, түсінде де өлең жаза береді. Бір ұйықтап, бір оянып қолға қалам алатыны бар. Таңғы сағат 5-тің шамасы – отыруға нағыз оңтайлы сәт. Таң рауандап келе жатқан уақытта кеңістіктен тек ақындар үшін көзге көрінбес сәуле шашырайды, шабыт деген шалқар сәт осы болса керек, тегінде. Жандәрмен осы сәтті ұстап қалуға асығады. Жастау күнінде түсінде туған өлеңдерді ұйықтап жатып жаттап, таңертең тұра салып, қағазға қондыра салатын еді. Қазір мұндай жағдай жоқ, еріншектікке салынып, жалма-жан тұрып жазбаса, ұйқының астарында ұмытылып қалады. Жалпы, «түс» деп аталатын тылсым дүние Несіпбек ақынның өмірінде зор мағынаға ие. Кейін «Менің түстерім» деген арнайы кітап жазу да ойында бар. Себебі, ол адам айтса нанғысыз аян түстер көреді. Соның бәрі өңінде айна-қатесіз келеді. Кілең киноның сюжеттері секілді түрлі-түсті түстер. Бір түсті тұп-тура жиырма жыл бойы қайталап көріпті. Не ғажап бұл?

Өлең жазатын кезде ақынның мінезі қатты өзгеріп кетеді. Өзіне ұқсамайтын басқа адамға айналады. Шамшыл, кінәмшіл, кірпияз. Сіркесінің су көтермейтіні сонша, мұндайда дыбыр еткен дыбыс жүйкесіне тиеді. Бала-шағасы байқамай мазалап қойса, бәйбішесінен бастап бидайша қуырып, бәрін бір тарының қауызына сыйдырады. Жұрт айтып жатқан әңгімеге араласа алмай, жанында отырған адамның дауысын естімей, меңіреу, мылқау жанның күйін кешеді. Ақынның сырын білмейтін қонақ үйіне келіп отырса, «жақтырмай отыр ма?» деп өз-өзінен қуыстанып, сытылып сыртқа шығар еді. Аз күнге «бұзылған» ақын өлеңін жазып, ішіндегісін ақтарып алған соң арқа-басы кеңіп, жадыраған жайдары қалпын қайта табады. Тағы бір таңқаларлығы, ақынның жиырма жыл бұрын бастап, аяқтай алмай келе жатқан ақжем өлеңдері де бар. Бастапқы екі шумағы жатады, аяғын таппайды, сөйтіп ұмыттырып барып, жеті-сегіз жылдан кейін сарт етіп соңы келеді. Қызық, кейде алдымен өлеңдерінің аяғы түседі, кейде ортасы келеді, кейде басы жазылады. Кейде жоғарыдан төмен қарай жазады, кейде төменнен жоғары қарай «өрлейді», ал, енді бірде ортасынан төмен қарай «құлдилайды». Әрқалай. Жұп-жұмыр өлеңнің шумақтары ауысып кетіп, шашылып түссе де, қара сөздің қадірі мен қасиетін жақсы білетін ақынның мығым таланты мағынасын шашау шығармайды. Ақын бұған тіпті де ренжімейді, өйткені, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір «бүтінделетінін» біледі. Несіпбек Айтұлының өзге ақындарда көп кездесе бермейтін тағы бір қыры – өзі өте жақсы білетін, өлеңін терең зерттеп, меңгерген ақындардың стиліне салып, тек сол ақынға тән ерекшелікті дөп басып, сол иірімге салып жыр жаза беретіндігі. Оның бұл өнерін әдеби орта мойындаған. Бала кезінен бойына сіңген ақындарды айнытпай қайталай алады. Мысалы, Абайша жаза алады. Бірақ, бұл Абайдың деңгейіндегі өлеңдер жаздым деген сөз емес, тек иірімдерін ғажап ұқсастыра алады. Титтейінен жаттап өскен жыраулардың толғауларын тап сондай мақаммен басқаша етіп қайта жазып шығуға қабілеті жетеді. Бірақ, ақын біткеннің бәріне бұлай еркелей алмайды. Тек қайталап оқып, қайыра қолға алатын жанына жақындарын ғана «өзіне» айналдыра алатын айрықша талант иесінің біз бағалай қоймаған бұл да бір басты өнері екендігінде дау жоқ.

Айгүл Аханбайқызы