Еліміздің Елордасы Астана «Барыс» мұз алаңында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған «Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымы өтті.
Бұл шараға қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы белсене қатысты. Ұлық мерекеге арналған жауапкершілігі зор іс-шараның 1 ай бойы басы-қасында болып, өз міндеттерін абыроймен атқарып қайтқан театрымыздың ұжымы қойылымнан алған әсерлерімен бөлісті.
Елік Нұрсұлтан, режиссер:
Тарихта алтын әріптермен жазылатын Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған театрландырылған қойылымды сахналаған топтың режиссерлік мүшесінде болдым және үлкен тәжірибе жинақтадым. Бұл іс-шараны ұйымдастыруға көптеген ұжымдар мен жекелеген тұлғалар қатысты. Атап айтсақ: жоба жетекшісі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Алғиұлы, музыкамен көркемдеген Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мен Хамит Шанғалиев, бас режиссері «Астана опера» театрының директоры Төлеубек Әлпиев, Нұрқанат Жақыпбай, мен және барлық сценарийі мен режиссурасына тікелей ат салысып жүрген Асхат Маемиров. Негізгі билік, режиссура, көркемдік шешім, міне, осы ұжымның ойынан туған.
Бір ескерте кететін жайт, бұрын-соңды мұндай жоғары дәрежедегі мемлекеттік шараларды жүзеге асыру шетелдіктердің қоржынына байланатын, ал бұл жолы қазақтардың өз қанжығасына бұйырды. Техникалық жағына Италяндықтар жауапты болды.
Қойылымның ерекшелігі – Қазақ хандығының туын тіккеннен бүгінгі алтын күн астында көк байрағымыз желбіреген тәуелсіздігімізге дейінгі тарихымыз дерлік қамтылды.
«Хан көтеру» сахнасы қойылымда негізгі рөл атқарды. Керей хан рөлінде Қ.Қуанышбаев театрының актері Қуандық Қыстықбаев болғанымен, ханды хан еткен, таққа отырғызып, ақ киізге көтерген кеңесші билер тобы мен Асан қайғы – М.Әуезов театрының тарландары. Әрине, еліміздегі өзге театрлар да өнер көрсетті, дегенмен қойылымның негізгі жүгін арқалаған, жоғары дәрежеде өтуіне бірден-бір мұрындық болған М.Әуезов театры деп есептеймін.
«Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымы – әрбір қазақтың патриодтық сезімін оятып, рухын көтерді деген үміттемін. Бұл шара – ел алдындағы есеп беру іспеттес. Осындай жауапкершілігі зор істің бел ортасында жүріп, еліме еңбек сіңіру – мен үшін үлкен мәртебе.
Төлеубек Аралбай, ҚР еңбек сіңірген артисі:
Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміздің, исі қазақ баласының рухын көтеретін үлкен мереке болды. Сондықтан біз осы шараға қатысқанымызға өзімізді бақытты деп санаймыз. М.Әуезов театр ұжымы, өз костюмдерімізбен барып, бір ай бойы қазақ баласының рухын көтеру үшін жұдырықтай жұмылып, ортақ мақсатқа атсалыстық. Репетиция кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өзі келіп: «М.Әуезов театры – қазақтың бетке ұстар қарашаңырағы, сіздерді көргеніме өте қуаныштымын» деп сәлем беріп, қол алысты. Сондай шабыттанып қайттым. Қойылымға келсек, жалпы 7-8 блок болды. Соның төртеуінде театрымыздың актерлері өнер көрсетті. Оразхан Кенебаев, Саят Мерекеұлы, Айдос Бектемір, Бекжан Тұрыс және мен ханды ақ киізге көтерген билер блогіне қатыстық. Өз басым біздің блок ең мықты болып шықты деген сенімдемін. Қойылым әрбір секундына дейін есептелген, хан көтеруге бес жарым минут бөлінді. Ізімізден ерген, жолымызды жалғастырған жастарымыз туралы айтсақ, олар өте тәртіпті, репетицияға уақытында қатысып, киініп, нүктелеріне дәлме-дәл шықты. Міндетімізді абыройлы атқардық деп ойлаймын, өйткені біз − М.Әуезов театрының кәсіби актерлеріміз!
Руслан Сенкебаев, театр директорының орынбасары:
5 мыңға жуық өнерпаз бір жарым сағат өнер көрсеткен «Мәңгілік ел» жобасының ерекшелігі – бүкіл Қазақстанның өнер ұжымдарының басын бір мақсатқа біріктірді. Тарихымызда тұңғыш рет ата-бабаларымыз аңсаған азат күнде Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту Қазақ елінің абыройын асқақтатып, рухын бір көтеріп тастады. Қойылымды тамашалай отырып: «батыр ата-бабаларымның ұрпағы екеніме, ерлікті, елдікті ту еткен мемлекетте туылғаныма» мақтанып отырдым. Мен тәрізді Барыс мұз алаңында және тікелей эфирде тамашалап отырған халық та осы сезімді бастан кешті деп ойлаймын. Міне, сол себепті, Елбасы Н.Әбішұлы халыққа ұлық мерекені өнердің тілімен жеткізгісі келген сияқты.
Қазақ елінің тарихын, қайдан шыққанын, Хандықтың құрылу үрдісі мен еңселі егемендігімізге дейінгі аралықтағы жетістіктеріміз қандай қиыншылықпен, қанмен келгенін көрсету арқылы ұрпақ санасындағы «мен – Қазақпын» деген мақтаныш сезімін жаңғыртты. Абылай хан үш жүздің басын қосса, Елбасымыз Н.Назарбаев 130 ұлттың басын қосты. Қазіргі дүниежүзінде соғыс болған аласапыран, алмағайып заманда бірлігімізді, бейбітшілігімізді көрсетіп, елдің еңсесін тағы бір көтеріп тастадық. Осыған ата-бабаларымыздың аруағы бір аунап түскен шығар.
Дулыға Ақмолда, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
550 жылдық – хандығымызға үлкен мереке. Мереке дегенде де егемендік, тәуелсіздікті көп айтамыз, жалаулатамыз. Алайда, осылардың барлығы, егемендік қайдан келді дегенде, Қазақ хандығының 550 жылдығы тіреу болатын, аталған мерекелермен қатар тұратын деңгейлес іс-шара дер едім. Репетицияға барып, басы-қасында жүргенмен, қойылым сахналанатын күні бүкіл қазақ көрермендеріне тікелей эфирде ұсынған сәттегі толғанысымыз ерекше болды. Неге десеңіз, бас-аяғымыз жиналып, сахнада 5 мың адам қатысқан іс-шара қазақтың рухы көтерілетін жағдаят еді. Бір ай бойы қойылымға қатысатын студенттер, әскерилермен тонның ішкі бауындай бірлесе жұмыс жасадық, жастардың ойларын, пікірлерін тыңдадық. «Қазақ деген ел бар. Қазақ хандығының 550 жылдығы елдің рухын көтерді. Осы шара 555, 560 жылдық болып жалғасын таба берсе екен» деген рухани тебіреніспен айтқан жастардың сөзін естідік.
Министрліктің тапсырмасымен орындалып жатқан іс-шара болғандықтан, біз, өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып қайттық деп ойлаймын. Әсіресе, бізді бастап барған Айдос Бектемір, Саят Мерекеұлы, Төлеубек Аралбай, Оразхан Кенебаев, Бауыржан Қаптағай сынды ағаларымызға өз басым ризашылығымды білдіремін. Актерлік жұмыс мәселесімен қарағанда, біздің театр үшін түкке тұрмайтын сияқты, ары кеткенде бір-ақ апталық жұмыс, бірақ соған қарамастан 1 ай тапжылмай жатып: «жауапкершілігі мол іс-шараға үлкен дайындықпен келіп жатырмыз» деген оймен, іс-әрекетпен басқаларға үлгі бола алдық деп айта аламын. Театрымызда «үлкенге ізет, кішіге құрмет» деген қағиданы берік ұстанып, жастарымыздың аға буынға деген ілтипатын көрген жандар сыйластығымыз бен ауызбіршілігімізден үлгі-өнеге алды деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, қойылған талап-мүддеден шықтық, міндетімізді абыройлы атқарып қайттық. Алдымызда күтіп тұрған Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Таразда өтетін «Керей-Жәнібек» спектаклі жеке театрдың мойнына алған міндеті болғандықтан, бұдан да жауапты шара секілді. Астанада – жарық алаң, қолжетімді техника, ал Таразда – кәдімгі таза спектакль. Сондықтан, шығармашылық жағынан да, техникалық тұрғыдан да театрымызды сынға салатын салмақты, жауапкершілігі зор келелі істе барлық әріптестеріме сәттілік тілеймін!
Дайындаған: Салтанат Абулғазиева
Мөлдір Бекжан