Биыл жыл басында «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме әлемнің бірнеше елінде өткен болатын. 20 желтоқсанда ҚР Ұлттық музейінде аталған жобаның жылдық қорытынды баспасөз мәслихаты өтеді. Сонымен қатар, іс-шара барысында музей ісі саласында тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік әріптестердің қатысуымен кездесу болады.
Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»атты мақаласы аясында жүзеге асырылып келеді. Мақсат – Ұлы даланың ежелгі және дәстүрлі өнер туындыларын әлемнің алдыңғы қатарлы музейлерінде көрсету арқылы еліміздің тамыры терең тарихын, бай мәдениеті мен теңдессіз қолөнерін паш ету, насихаттау.
Бүгінгі күні жоба әлемнің 6 елінде, атап айтсақ, Беларусь, Әзірбайжан, Ресей, Қытай, Польша және Оңтүстік Кореяда жүзеге асырылып, оны тамашалағандар саны 200 мың адамнан асты.
Көрмеге қойылған жәдігерлер дала өркениетінің тарихы, империялардың жойқын жеңістері мен ғажайып көріністерінің куәсі болып табылады. Көрмелердеерте темір дәуіріндегі алғашқы далалық мемлекеттер дәуірінің мұрасы саналатын, аң стиліндегі Есік бекзадасының алтын киімі басты орынды алса, Батыс Қазақстандағы Тақсай абызы мен Аралтөбе жауынгерінің,Сарыарқадағы Талды-2 билеушісінің, Қазақ Алтайындағы Берел жылқыларының теңдессіз жәдігерлері де осы аталған көрмелерге қойылды. Сонымен қатар қазақтың дәстүрлі мәдениетінің жауһарлары саналатын сәндік қолданбалы өнер туындыларын көрсете отырып, көрерменге Ұлы Дала елі мәдениетінің әрбір жәдігерінде терең мағыналы ой жатқандығы және сол өнердің сабақтастықта бүгінге дейін жеткендігікөрсетілді.
Баспасөз маслихатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мухамедиұлы, Ұлттық музей директорының м.а. Леонид Кочетов, Әзірбайжанның Ұлттық тарихи музейі директорының орынбасары, т.ғ.д. Махфуза Зейналова, Бүкілресейлік қолданбалы-сәндік және халықтық өнер музейінің Бас кеңесшісі Галина Борисовна Андреева, Беларус Ұлттық көркемөнер музейі Бас директорының орынбасары Сергей Владимирович Вечер, Қытай Халық Республикасы Солтүстік-Шығыс политехникалық Университетінің ректоры Ван Чжинсун, Корея Ұлттық музейінің Азия өнері департаментінің директоры, PhD Чой Сеон Джу қатысады.
Баспасөз маслихаты барысында алты елде өткен көрмелердің ғылыми каталогтарының тұсаукесері өтеді.
Сонымен қатар, 21 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ежелгі өркениеттер тоғысындағы Ұлы Дала елі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Конференцияда Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында қазақ ғылымының ежелгі металлургия, атқа міну мәдениеті, аң стилі, «Алтын адам», түркі әлемі, Ұлы Жібек жолы салалары бойынша соңғы жектен ғылыми жетістіктері баяндалып, аталған қырларды музейлік форматта кеңінен насихаттау жолдарыталқыланатын болады.