С. Бақаева әлеуметтік желідегі парақшасында интернатта тұрып оқыған кездерін есіне алды. Өнер әлеміне ерте жасынан етене араласқан ол өмірге көзқарасының да ерте қалыптасып үлгергенін жасырмады. Интернаттан алған тәрбиесін айтып ағынан жарылған Салтанат Бақаева ата-анасының осындай мүмкіндік сыйлағанына алғысын айтты.
«Менің шығармашылығым 5 жасымнан Күләш Байсеитова мектебінде басталды. Әке-шешеме 5 жасымда сол мектепке апарғанына әлі күнге дейін ризашылығымды білдіріп жүремін. Шын мәнінде мектепте, мен тұрған интернатта маған дұрыс тәрбие берді деп ойлаймын. Және, ең бастысы, 16 жасымнан бастап мен немен айналысуым керек, болашақта кім болғым келеді деген сұрақтарға жауап іздей бастадым. Бұның бәрі жүрген ортама, ұстаздардың сауаттылығымен байланыстырамын!» - дейді Салтанат Бақаева.
Осыған орай, әнші 12 жыл бойы тұрған интернатына келіп, балалық шағын есіне алды. Instagram-парақшасында интернаттағы бейнежазбаларымен бөлісіп, аталмыш білім ордасында оқып жүрген бауырының қызын туған күнімен құттықтауға барған.
«Сонымен, сүйікті мектебіме келген себебім, менің туған бауырымның қызы Баян Сұлудың туған күні. Ол да қазір музыка әлемінің қыр-сырын Күләш Байсейітова мектебінде зерттеп жүр. 12 жыл бойы үйімдей болып кеткен интернатымды көріп, Баянымның құрбыларымен сөйлесіп, балалық шағыма саяxаттап барып келгендей болдым. Бәріне ризамын, Аллаға сансыз шүкір», - дейді Салтанат Бақаева.