14.11.2015, 12:03

Ақ қағаздың бетіне сәуле төккен суреткер

Шығармашылығы прозамен ғана емес, әдебиеттің толысқан жанры драматургиямен де тығыз байланысты жазушы, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев туған жеріне нағыз театр мерекесін сыйлады.

Моңғолия, Қырғызстан және Қазақстаннан қатысқан 12 театрдың спектакльдері алты күн бойы аншлагпен жүрді. Атырау облысы үшін айтулы мәдени оқиға ретінде қабылданса, театр өнерінің дамуына үлкен серпін берген «Сіздермен қанаттас өмір сүргенім үшін бақыттымын» деп аталатын Рахымжан Отарбаевтың халықаралық театр фестивалінде әр көрермен тың дүниеге жолығып, жеке өзіне жаңа әлем ашқандай әр қойылымды ыждағатпен күтіп, ықыласпен қарсы алып жатты. «Мұстафа Шоқай», «Жәңгір хан», «Сырым батыр», «Көлеңкесіз жолаушы», «Двойник», «Аяулым Анфиса», «Фариза мен Мұқағали», «Бас», «Бейбарыс сұлтан», осы пьесалардың қай-қайсысы да академиялық театрлардан бастап аймақтық театрлардың сахналарында табысты жүріп келе жатқан спектакльдердің қатарында. Фестивальдің басты ерекшелігі – көрермен бір спектакльді бірнеше театрдың сахналауында көріп, салыстырып, баға беру мүмкіндігіне ие болды. Мұндай қызықты жайтқа көпшілігі бірінші рет куә болған сияқты. Әр театрдан жекелеп көрген кезде байқалмаған кемшілігі мен артықшылығы айна қатесіз су бетіне қалқып шыға келгендей әсер қалдырады. Мықтысы да, осалы да осы жерде білінеді. Бір спектакль – әртүрлі актерлық ойын, табиғаты бөлек тартыстар, бір-біріне ұқсамайтын режиссерлік шешім. Айналдырып қараған сайын сыры ашыла беретін әртүрлі ракурстағы спектакльді сахналаудағы режиссерлердің қиял еркіндігі атап өтуге тұрарлық. Сонымен, осы уақытқа дейін сахнаға15 шақты пьеса сыйлаған драматург Рахымжан Отарбаевтың туындылары несімен ерекшеленеді?

Идеясы : шымыр. Қоғамдағы қайнап тұрған мәселені көтереді. Драматургтың көркемдік идеясының тереңдігі сахнаға еріксіз сұранған. Адам «қып-қызыл майдан» ішінде. Бұл бүгінгі Сириядағы, Ауғанстандағы, Украинадағы қандықырғын емес, өзі өмір сүріп отырған ортамен келісе алмай, ішкі қайшылығын қарсы қойып «соғысып» жүрген желдиірмендер. Күрес болғанымен, жеңіс жоқ. Тарихи ма, заманауи ма, бәрібір, мәңгілік майдан алаңы – сахна күрескер кейіпкерлерді жинақтаған. Пьесаның фабуласы, характерлердің қарама-қайшылығы, фарс, пантомимо, авантюра, маскарад – бәрі бар, режиссер Есмұхан Обаевтың сөзімен айтсақ: «автор өзі шығып ойнамаса, басқа не істейді, қалай айтады енді?»

Көркемдік тәсілі: тіксіндіру. Автор көрерменге аяушылықпен қарамайды. Талмау тұсын тауып алып, тап сол сыздаған жерге тұз себеді. Ашытады, ашындырады. Театрды сүйетіндер жиі ауызға алатын «катарсис» дейтін нәрсе жүректің қуыс-қуысын аралап, түйін-түйін болып тұрған жүйкені жібітіп, байлаулы сезімді босатады. Саңылауына Ой сәулесі түскен көрермен баяғы бастау-бұлағымен қайта табысады. Кез келген қойылымның ең үлкен мақсаты да ой тастауға, ойландыруға және соған сендіруге үндейтіні шындық.

Стилі : қатпарлы. Жалпы, Р.Отарбаев – қазақ әдебиетіндегі ең әдемі стилист жазушылардың бірі. Дулат Исабеков айтқандай: «Рахымжан Отарбаев – қара сөздің еріксіз тұтқыны». «Стиль деген – адам», бірде – астарлы, бірде – әжуалы, бірде – қатты, бірде – жұмсақ, драматургтың өр сөзі, өз мінезі әр пьесасындағы персонаждардың диалогымен парасатты өріледі.

Тілі: табиғи, құнарлы. Кәдуілгі халықтың тілі бойға кедергісіз сіңеді. Өзі де күшенбейді, көрерменді де күштемейді. Кейбір классикалық туындыларда тасқын сөзден тұншықсаң, мұнда әр сөз мергеннің оқтаулы мылтығының дүмінен өткендей ондыққа дәл тиіп, бойыңды дір еткізеді. Қазір көрерменнің денесі сұлу, тасқын сөзден дірілдемейді, керісінше, оның көңілін тап осындай ұтқыр, шын сөз ширықтырады.

Дара суреткер Р.Отарбаев драматургиясы желісімен қойылған спектакльдерге шағын шолуымызға кіріспес бұрын, өз пайымыздағы осындай қырларын даралап алуды жөн көрдік. Біздің де, басқа қонақтардың да пайымынша, фестивальдің селт еткізген жаңалығы «Бас» қойылымы болды, шамасы. Рас, әуелде Махамбеттің мәлике басын айырықша ардақ тұтатын әр атыраулық азаматқа нәзік иірімдері мол пьесаның әсері қалай болар екен деген қорқыныштың басы қылтиғаны рас. Өйткені, автордың Махамбетке көзқарасының басқаша екені салған жерден аңғарылған. Бірақ басқаша ойлайтын түгі жоқ, бұл азаттық күресінің алдаспаны Махамбеттің басын кескен заманға айтыла салған лағынет сөзі емес, күллі қазақ жерінде бодандыққа бас имей, бостандық үшін күресте шашылып қалған бастарға айтылған азанама еді. Сол баспен бірге қанды қылыш қиып түскен қазақы рухты жоқтау. Сахнада тірі Махамбет жоқ, антрополог Ноэль Шаяхметов аттанып бара жатып, амалсыз қалдырып кеткен қу бастың қаңқасы. Жас режиссер Жанат Телтаев максимализмге қорықпай барған. Режиссердің ең үлкен еңбегі – Махамбет өмір сүрген кезеңмен арадағы кеңістік шекарасын алып тастап, бүгінмен бір әлем етіп тұтастыра алғаны. Көрермен бір ғана уақыт кеңістігіне бағынады. Актер әдемі болуы мүмкін, жаман ойнамауы да мүмкін, бірақ ол әркез есте қала бермейді, ал петербургтік мықтылардың мектебінде оқып, шеберханасынан үйреніп қайтқан Жанаттың басы жоқ, автоматтандырылған робот секілді сарт-сұрт қара киімділерді сапқа тұрғызып сахнаға шығарған тапқырлығы ұмытылмайды. Көрерменді баураған да осы ашық тұспал. Бассыз адам – бассыз қоғам. Адамға үрей туғызады. Өздері мұндай көп болар ма? Сол бассыздардың ішінде өзіміз танитын адамдар да жүр. Оның кім екенін анық біліп отырасың. Иықтың үстіне ойлай алатын бірдеңе орнатпаған соң басқа түгілі, олардың қолында Махамбеттің ғазиз басы волейбол добына айналған. Махамбеттің басы ешкімге керегі жоқ. Ақынның поэзиясынан докторлық қорғаған дөкей профессорға да, ол басқаратын Әдебиет институтына да, Мәдениет министрлігіне де, музейге де бастың құны қара бақыр. Сөйтіп жүргенде Махамбеттің басы жоғалды. Бұл енді жоғалған баспен бірге қазақтың құндылығы қоса жоғалды деген сөз. Бассыз адам ойлана ала ма? Ал, ойсыздар қайда бастап барады? Әр жерде шырылдаған Ноэльдердің шашыранды дауысы жоғалған құндылығымызды түгендеп, кеміген қасиетімізді тауып бере ала ма? Қоғам осы қалпымен ауа жайылып кете берсе, «Миллион адам сыйған Алматыға Махамбеттің қу басы сыймады-ау» деп күңіренген дауыстың күн сайын жаңғырығып тұратынын неге ұмытқанбыз? Алайда шындыққа септесін болғанымен, қойылымның тап ортасында аяқ астынан пайда бола кеткен Имаш пен Нұрлан Өтепұлының жүргені драманың көркемдігін кемітпесе, арттырмайтыны анық. Осыған орай және романды тұтас қамтымақ болған әрекеті режиссердің спектакльді тым созып-солықтатып жіберуіне әкеліп соққан. Қуантқаны – сақа театрлардың тісі бата бермейтін шындықты Атырау облыстық театрының тамақтан ала түсіп, талаурата көрсеткені. Бұл тұрғыда суретші Темірбек Мұхтаровтың кәсіби шеберлігі де спектакль жетістігін толықтыра түседі.

Ұлт күрескері Мұстафа Шоқайдың өміріне құрылған спектакльді екі бірдей театр – Абай атындағы Семей облыстық музыкалы драма театры мен Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театры ұсынды. Жоғарыда айтқанымыздай, Мұстафаның образы мен саяси тұлғасын екі театр екі түрлі берген. Салыстырмалы түрде қарағанда, «Мұстафа Шоқайдағы» күрделі образды қазақ өнерінің қарашаңырағының бірегейі Семей театры сәттірек орындағаны байқалды. Әсіресе, шағын ғана сахналық көріністе Әміре Қашаубаевтың бейнесінде көрінген Мырзахан Сыдықовтың  шындығы көбірек болды. Атмосфераға бірден енді. Жейдесі жыртылып, бет-аузы қызыл қанға боялған Әміре әншінің тергеушінің алдында тайсалмағанын екі көзінен шашыраған оты одан ары үрлей түсті. Пьесадағы Мұстафаны да, Әмірені де уақыттың өзі қақпақылдап әкеп қайраткерлікке жеткізді. Бірақ басты кейіпкердің роліндегі актер Бекзат Омашев Мұстафаны біреу әдейі солай міндеттегендей бірсарынды мемлекетшіл, ұлтшыл кейіпте ғана көрсете алды. Тек қайраткерліктің ғана «қызығына» түскен актер оның адами болмысын ашуға ұмтылмады да. Қызық болғанда, әйелі Мария Яковлевнаның алдында да тек «саяси позада» тұрады. Гестапо ішіндегі қайыстай қара «фюрерлердің» сахнасы тіпті күлкі шақырды. Қонцлагерь сахналарының қарадүрсін қойылғанын ешкім теріс дей қоймас. Бірақ темір тордың ішінен қанатын жайып шыққан кішкентай қазақ баласын немістің жендеті атып түсірген сәт селт еткізді. Бұл оқ дербес ел болуды аңсаған ұлттың мұратын өшіруге жұмсалғаны сөзсіз еді. Жалпы, ретроспектакльдерге қойылатын талап күшті болады. Қайшылығы мол саяси тұлғаны ақтап алып, бүгінгі ұрпаққа адалдығын дәлелдеп, биіктетуге ұмтылған режиссер Қажыахмет Рахметовке қазылар тарапынан Мұстафа бейнесін байырқыландырып, тұлғаландыра түсу туралы ескертпенің айтылуы да содан болар.

Сахна импульсын бір тыныспен ұстайтын дарамтургтың «Нашақор туралы новелласы» әртүрлі интерпретациялануымен ерекше болды. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық театры қатыса алмайтындығын соңғы күні ескерткенін есептемегенде, тап осы пьесаны Бикен Римова атындағы Талдықорған театры «Ұйық» атауымен, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры «Көлеңкесіз жолаушы» айдарымен және Абдымомунов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры «Тағдыр» деген тақырыппен сахнаға шығарды. Мұндай дүниенің қызығы сонда, бұлар бір букетке буылған шоқ гүлдер сияқты. Бірімен бірі үндескенімен, аңқыған иісі әр түрлі жұпар шашады. Оқиға желісі ортақ болғанымен, өрістегені өзінше. Тақырыптан әр режиссер өз кеңістігін тапқан. Оқиғасы белгілі – нашақорлық. Есірткіге еліткен жастардың жантүршігерлік әрекеті шиеленісті өрбиді, өрбітетін көлеңкедегі көрінбейтін кейіпкер – құқық қорғау қызметкерінің өзі. Отбасында нашақор пайда болды дегенше, шаңырақ шайқалып, ортасына түсті дей бер. Бірақ осылардың ішінде Қаллеки театрының режиссері Нұрлан Жұманиязовтың пьеса бояуын қалыңдатып, үстемелей түскені, өз қиялымен қалауынша кеңейткені байқалды. Нашақордың ішкі дүниесін сыртқа аударып көрсеткен Жасұлан Ерболаттың ойынында психологизм бар. Іші бай актер. Бүкіл денесін сындырып, сүйегіне дейін есірткі сұрап, сілекейі шұбыра селкілдеген нашақордың жанын қоярға жер таппай, өз шешесіне қол-аяғын байлатып, әкесінің қолымен тамырына ине салдырып барып жаны жай табатын Жалғастың басындағы мынау қасіретке тек өзі ғана кінәлі емес. Қоғамның өзі мүдделілік танытатынын иығына жұлдыз жапсырған әлгі өкілдің әрекеті арқылы «білдірмей» айтып өткен. Кейіпкерінің ішіне кіріп алған Жасұлан осы сахналарды ойнағанда нашақор трагедиясын толық түсінген, әрбір тамыр-талшығына дейін сезінгені көрініп-ақ тұрды. Ал, оның тағы бір нашақор құрбысы Камилланың роліндегі Айнұр Бермұхамбетованың кеше ғана заһардың құлы болып жүрген кейіпкерін бүгін айласы мол ақылды әйелдің кейпіне оп-оңай ендіріп, ұластыра салған ептілігі қайран қалдырды. Ол үшін жанталасқан жаңа әрекет те ойлап тапқан жоқ, артық сөз де айтпады, тек кейіпкер ғана соңында «аһ, антұрған екіжүзді залым» деп алданғанын бір-ақ біледі. Сөз жоқ, «Ең үздік әйел бейнесі үшін» деген номинацияға осындай шеберлік қана лайық болар еді. Қазылар алқасына көбірек ұнаған Қырғыз Ұлттық театрының нашақоры дозаны өзі ғана артығырақ қабылдап қоймай, сахналастарының анайылығы мен қарабайыр қаракеті сахнаның барлық әдебінен аттап, көрерменге де «дозаны» мөлшерден асырып беріп жібергендей әсер қалдырды. Тағы да салыстыруға тура келеді, астаналық Жасұланның жанында қырғыз актері Жеңіс бір сүйемге артық тұруға тиіс бас кейіпкерін ынжық қылып, қатардағы көптің бірі етіп, көмескі тартқызып жіберді. Театрлардың көпшілігі декорациясын толықтай әкеле алмады, спектакльдердің кемшін көрінген кей тұсы соған да байланысты болған шығар деп түйдік. 2-орынды жеңіп алып, 1000000 теңгенің сертификатын иеленген қырғыз ағайынның қуанышында шек болмады. Айтпақшы, дәл осы күні Атырау сахнасында «Тағдыр» спектаклі 500-рет қойылды. Он жылдан бері репертуардан түспей келе жатқан қойылымға қырғыз көрермендерінің сұранысының жоғарылығы кемшілігіне көз жұма қарауға жарап тұрған сияқты.

Оңтүстіктегі шағармашылық энергияның кішкентай ғана шашыранды щуағы екенін көрсетіп Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры келді. Аудандық дәрежедегі театрдың халықаралық бәйгеге қатысуы алғаш рет екені айтылып жатты. Режиссердің концепциясы бір жүйеге бағынған: бұрыннан бар бір тұлғаның екіге жарылу идеясы тәуір өрбиді. Жаңа көркемдік бағыт іздейтіні көрінді. Қойылымның тамырына қан жүгіртіп тұрған үш шайтанның әрекеті азғырушы мақсаттан әлдеқайда биік. Бай мен Двойникке қарағанда сахнаны қозғалысқа келтіріп тұрған – осылар. Бірақ театр әкелген «Двойник» қойылымы комедиялық жағына басымдық бергенімен, ол онша сәтті көрініс таба алмады. Күлдіріп отырып күрсіндіре ме деп едік, Бай мен Двойник мықтағанда маскарад-шоудың маңынан ұзай алмағаны өкінішті болды. Әйтсе де театрдың мұндай аламанға алғаш рет қатысып отырып мәртебелі 3-орыннан көрініп, 750 мыңтеңгені ұтып кеткені материалдық табыс қана емес, жаңа ізденіске жол ашатын ұмтылыс та болары анық.

Шымкенттен келген облыстық әзіл-сықақ театры ұсынған «Аяулым Анфиса» қойылымының режиссері Самат Алтаевқа талқылау кезінде біраз сын естуге тура келсе де, залдың ішек-сілесін қатырып күлдіруге шеберлігі толығымен жетті. «Шапалақ жанры» жақсы сезіліп отырды. Ең бастысы, спектакльдің белсенділігін арттыратын ішкі динамика бар. «Халықтар Ассамблеясының» үстіндегі қамқа тонын сыпырып, жылы әрі жұмсақ жонын сипай отырып, сілкілейді. Қазылар алқасының мүшесі Есмұхан Обаев: «Мынау спектакль халықтар достығының бергенінен ендігі берері не болар екен дегенді тұспалдап тұр. Кешегі күні паспортында орыс деп көрсетілген көшеде жүрген пеш қалаушыны да әулие қылдық. Бірақ юморды подтекстно жеткізу, оймен жеткізуде асығыстық орын алған. Актерлер бірінің үстіне бірі сөйлейді, бұларды тыңдау үшін төрт құлақ керек-ау деп ойладым. Анау бөтелкелес екі жігіт бір-бірінен аумайды. Солардың мінезін бөлектендірсе. Біреуі ұстамдылау бола ма, енді бірі қулау бола ма, әйтеуір екі түрлі мінездің иесі болып көрінсе, спектакль салмақты тартар еді. «Не болды өзі мына заман?» деді де кетті анау Жүсіп (Жүсіп Ақшора). «Совхоз Приозерский, колхоз Московский, ең аяғында өз жерімізде көмілетін жер таппадық қой деп тұр. Қарқылдатып күлдіру мақсат емес, көрермен мырс етсе, жетіп жатыр. Ойланып кетсін. «Театр жасасын» деп, қуанып кетсін»,–деді .

Бүкіл Атырау жұрты «Фариза мен Мұқағали» болатын күнді асыға күтті. Сыймағаны театрдың есігін сындырып кірердей болған көрерменнің ақын қыздарын сағынып жүргені көңіл толқытты. Моңғолияның Баян Өлгей аймағынан келген қазақ драма театры артистерінің кейіптеуіндегі қазақ поэзиясының қос алыбы сахнадан көрінгенде, көпшілігі олар тіріліп келгендей күй кешті. Жауапкершілік арқалап шыққанын қандас ағайындар да терең сезінді. Себебі, кеше ғана өмір сүрген, көз көрген, дауыстары таспаға жазылып қалған ақындардың образына оймақтай ғана өтірік пен фальш қосылып, сенімсіз шықса, қатал сынның астында қаларын сезген. Сахнаның басты шарты сенім, сендіру екенін еске алсақ, баянөлгейлік Елік Жанұзақызы (Фариза) мен Моңғолия Мәдениетінің озат қызметкері Жанатбек Қалқабайұлы (Мұқағали) ақындардың сыртқы да, ішкі де мінез келбетін  мүмкіндігінше шындыққа жанасымды етіп көрсетуге тырысты. Маңғаз Фариза мен өршіл рухты Мұқағали арасындағы өлеңмен өрілген, көркемдікке құрылған сыпайы сыйластық диалогтары көп көңіліндегі күмән араласқан ойды тарқатып жіберді. «Ынталандыру сыйлығын» алған (300 мың) қандастардың бұл фестивальден бүгінгі театр бағыты мен көркемдігі жөнінен көп дүниені іштеріне түйіп кеткені анық.

Р.Отарбаев драматургиясының шоқтығы биік шығармасы, сөз жоқ, «Бейбарыс сұлтан»пьесасы екенімен ешкім таласа қоймас. Бейбарыс – құлдық құрсауынан сарбазға, сарбаздан қолбасшыға, қолбасшыдан мемлекет билеушісіне дейін көтерілген үлкен тұлға. Өмірінің 17 жылын Мысыр елін гүлдендіруге арнаған сұлтанның туған жерге деген сағынышы – спектакльдің негізгі идеясы.Туған жерінің бір уыс жусанына ынтық отансүйгіш Бейбарыс ролін М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының белді актері Азамат Сатыбалдының да оң жамбасына салып, ықыласпен ойнайтынын қойылым премьерасынан бері байқап келеміз. Құтіз (Алмас Шаяхметов) бен Қалауын (Еркебұлан Дайыровтың) да Бейбарыстың сағынышын толықтыратын, елін, топырағын аңсаған азапты, шерлі жандар. Үшеуінің таққа таласы бір болғанымен, билікке деген ындынын өзінше көрсете алғаны образдарын биіктете түскен. Жалпы актерлық ансамбльдің мықты құрылғаны шен үшін шиеленісте оқиғаны шарықтатуға күшті серпін беріп тұр. Би мен пластикалық қозғалысқа көбірек байланыстыра қойылған режиссер Юрий Ханинганың белгілеп берген мақсаты мен ойын актерлер дұрыс түсініп, тереңдетіп алып кеткен. Сол себепті бас жүлдені (2 000000 теңге) қанжығасына бөктерген «Бейбарыс сұлтанға» бұл  бәйгеде кәсіби жағынан тең келетін спектакльдің болмағаны да фестивальдің бір шындығы. Бірнеше халықаралық фестивальдерден жоғары баға алып, шетелдік сыншыларды таңдай қақтырған, драматургия мен режиссураның биік деңгейдегі дуэтіндей көрінетін спектакльге Р.Отарбаев атындағы халықаралық фестивальдің шымылдығын жабу міндеті жүктелгені автордың әдебиетке ғана емес, қазақ өнеріне сіңірген еңбегінің қаншалықты ересен екенін қоса аңғартып тұрғандай болды.

Бәйгеге қатысқандардың бәрі де орын мен сый-сияпаттан кенде қалған жоқ. 2000000 теңгені олжалаған әкемтеатрдың бас жүлдесінен бөлек, «Жәңгір ханды» сахналаған Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры 1-орын алып, 15000000 теңгені, 2-орын иеленген Қырғыз Ұлттық театры мен Махамбет атындағы Атырау облыстық театры 1000000 теңгені,  3-орыннан көрінген Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы драма театры мен Оңтүстік Қазақстан облыстық Жетісай драма театры 750 000 теңгені қоржындарына салды. Мұның сыртында  үш театр: Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ театры, Б.Римова тындағы Алматы облыстық театры, Моңғолиядан келген қазақ ұлттық театры мен әртүрлі аталым бойынша актерлер мен режиссерлердің қалың шоғырына  300 мыңнан сыйлық сертификаттары табысталды.

Фестивальдің жабылу салтанатында сөз алған Рахымжан Отарбаев: – Мына қайшыласқан заманда, дүниені интернет жаулап алған заманда көңілінің кірі бар адамның қолына қалам ұстатып, алдына ақ қағаз жаюға болмайды. Өйткені, ақ қағаздың бетіне көңілінің кірін төгеді, ол елге жұғады. Мен әлім келгенше, ақыл-парасатым жеткенше сол ақ қағаздың бетіне аз да болса сәулелі ойларымды төккім келді.  Айналайын Атырау елі, өз балаңды тербеткен алтын бесіксің ғой! Осы елдігіңнен де, ерлігіңнен де айырылмашы! – деп, апта бойы театрға ағылып рухани нәрмен сусындаған Атырау жұртына, өнер мерекесін өткізуге қолдау білдірген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхаметов пен оның орынбасары Шыңғыс Мұқанға, қаражат көмегін аямай, келген мейманның бәріне айырықша ілтипат көрсеткен жергілікті кәсіпкер азаматтарға басын иіп, алғысын білдірді. Алматы мен Астанадағы академиялық театрларды, Алтайдан бері тартылған 6000 шақырым жолды артқа тастатып Баян Өлгейдің «Алтын жұлдыз» театрын, Қырғыз Ұлттық театрын және Қазақстанның әр қиырында орналасқан  облыстық өнер ордаларын еліне алдырып, Атыраудың жеті ауданынан автобус-автобус адамдарды тасымалдап, күн сайын тегін спектакль тамашалауға мүмкіндірік тудырған, театр мен театрдың жақыннан танысып, ой салатын озық ойын өрнектерін көріп, үйреніп қайтуына, келешек ізденісіне жол ашуына өз әлінше жағдай жасаған Азаматына елі де тік тұрып қол соқты. Р.Отарбаевтың ойлы суреткер екеніне көз жеткізді. Өйткені, драматург-жазушының қоғамның кеселге шалдыққан жүрегін өнердің тілімен емдеп жазғысы келетін шипагерлік ниетін таныды. Осы фестивальден кейін театр мен әдебиеттің қуатынан ләззат алғандар оның барлық шығармаларын тауып оқығысы келетінін, қайталап оқығысы келетіндерін айтып, өздері үшін Р.Отарбаев деп аталатын жаңа театр әлемінің ашылғанын мойындап қайтты. Өйткені оның бір пьесасын бір күнде мыңнан артық адам «оқып» рухтанды, қанаттанды. Драманың осынысымен құдіретті екеніне көз жеткізді. Ал, бұрыннан індетіп, іздеп жүріп оқитын ақылды оқырмандары жазушының азаматтық үнін сахнадан естіді,прозадағы парасаты мен драматургтік тегеурінін театрдан таныды. Бір қаламгердің бақыты үшін аз жетістік емес.

Айгүл Аханбайқызы