$ 447.4  477.55  4.76

Анасының аяғын сүйіп, оны желіде көрсеткен танымал жұлдыздар кімдер? (ВИДЕО)

Соңғы уақытта жұлдыздар әлеуметтік желідегі парақшасына анасының аяғын жуып, сүйген видеосын жариялауды сәнге айналдырған.

Челленджден қалмай, бір-біріне эстафета жолдаған өнер иелері жайлы KAZ.NUR.KZ назарларыңызға ұсынады.

Осыдан бірнеше күн бұрын Төреғали Төреәлі өнердегі әріптесі Дидар Хамиевтен эстафета алып, анасының аяғын жуып, сүйген видеосын желіге жариялады.

Алайда әншінің бұл әрекетін желі қолданушыларының көбі қолдамаған.

Олар хитменге мұндай сауапты істі елге көрсетпей жасауға кеңес берген.

Ал «Жігіттер» тобындағы Ердос Қанаев та осыдан біраз уақыт бұрын өз туған күнінде анасының аяғын сүйіп, құрмет көрсеткен болатын.

Балаларымен бірігіп анасының аяғын жуған әншінің әрекеті керісінше көпшіліктің құрметіне бөленді.

«Бүгін «Дүние есігін аштым» деп қуанып жатырмыз ғой. Бірақ бұл өмірге өздігімнен келе салмаппын. Раббым дүниеге келуімді осы бір кішкентай жан арқылы қалаған екен. Бұл жан мені тоғыз ай он күн қиналып көтерді. Одан кейін екі жыл емізді. Жыласам бірге жылады. Күлсем балаша қуанды.

Айта берсем бұл жанның маған жасамаған жақсылығы қалмаған екен. Енді келіп, түк болмағандай «бүгін менің туған күнім» деп өзімді салып қоя салуыма болар еді. Бірақ барлық құттықтауға лайық осы жан екен. Біздер үшін тілім-тілім болған аяғын мен сүймесем, кім сүйеді? Өзі өмірге алып келген баласынан осындай жақсылық көре алмаса, біздің кім болғанымыз?», - деп әнші Instagram парақшасына жазған еді.

Айтыскер Дидар Хамиев те өзінің Instagram парақшасына анасының аяғын жуып, табанын сүйген видеосын жариялады.

«Сауаптар еселенетін қасиетті айда «Жұмақтың кілті» атты эстафетаны бастап жатырмыз. Түркияның президенті Ердоғанға 12 рет қастандық жасалып, бәрінен аман қалған екен. Жауларыңыздың жауыздығынан бір емес, бірнеше рет аман қалуыңыздың сыры неде деп сұрағандарға, «Мен түнде анамның табанын сүймей ұйқыға жатпаймын» деп жауап беріпті.

Шамамыз келсе, анамыздың табанынан сүйіп, анамыз маңдайымыздан сүйіп батасын беріп отырса жаман болмаймыз! Осыны күнделікті әдетімізге айналдырсақ қалай қарайсыздар? «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деген пайғамбарымыз», - деп жазды Дидар Хамиев.

Айта кетейік, өнер иелерінің бұл әрекетін кей желі қолданушылары қолдаса, біреулері мұндай істі тек жасырын түрде жасау қажеттігін жазып, пікір білдірді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары