Өмірқұл Айниязов келіннің бетін ашуды осыдан 25 жыл бұрын бастап кеткен әнші. Ол өзінің беташар дәстүрі арқылы қанша табысқа кенелгенін және еліміздің өңірлеріндегі беташар ерекшелігін тілге тиек етті деп жазады 31 арнаның «Айта берсін» бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
«Бет ашқанымды көп адам жақсы көреді. «Балаларымыз өзіңдей сыйлы болса» деп ырымдап жатады. Беташардың өзі екі түрі бар. Мен мысалы ақын емеспін. Сондықтан жаттанды түрімен айтамын. Мен XIX ғасырда өмір сүрген Базар жыраудың мақамымен, классикалық түрде бет ашамын. Бірақ кейде өзімді таныстырып, амандасу қосамын. Ал негізінде қайын аға, абысын, ата-енесінің сөздері тұрақты. Кейде бір отбасының үш келінінің бетін ашқан уақыттарым болды. Мен «Сөздерім жаттанды. Жұрттан ұят болады» десем де, болмайды.
Біздің ауылдың дәстүрі бойынша, ешкім гонорарға келіспейді. Барлығы табақтағыны алады. Дәстүр бойынша, ол келінге берген көрімдік болып есептеледі. Оған бір үйде 20 мың, бір үйде одан көп түсуі мүмкін. Бірақ оған қарамайды. Ал соңғы уақыттары Алматыда басқаша үрдіс пайда болды. Бірақ ол дұрыс емес. Мен 200 мың сұрасам мысалыға, маған «Ақшаңызды берейік, Табақты біз алайық» дейді. Үйіліп тұрғанға, көп деп ойлайды ғой. Мен негізі табаққа ғана жұмыс істегенді жақсы көремін. Беташар деген аяқ астынан, есептемей келетін несібе. «Гонорарыңызды айтыңыз» деп жатады. Сондықтан барынша айтамыз.
Келіннің бетін 16 жасымнан бері ашып келе жатырмын. Ал ақша жағынан есімде қалғаны, 1-курстағы беташар. Осы Алматыдағы бір беделді азамат еді. Мен ол кезде ондай тойды, тірі әртістерді бірінші рет көрдім. Сол кезде беташардан 200 доллар және 1000-2000 теңгелік ақшалар түсті. Ол ақша өте көп болған. Мен қуанғаннан 200 долларды алып, қалғанын асабаға ысыра салыппын. Сол ақшаны алып, «Барахолкадан» бастан-аяқ киіндім», - деді Өмірқұл Айниязов.