Эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева сайлаудан кейінгі наразылықта неге үндемей қалдың деп жазғырған желі қолданушыларына жауап берді.
Ол «Нұр Отан» партиясына кіру себебін былай түсіндірді.
«Нұр Отан» партиясына кіруімнің себебі, адамның санын көбейту емес, көпбалалы ананың көкейіндегі сұрақты, көп адамның жұмыссыз екендігін билікке жеткізу болды», – деп жазды ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Сондай-ақ әнші наразылыққа қатысты не үшін үн қоспағанын да айтты.
«Мен бір жаққа шығып алып, соқыр сеніммен айқайлап, шашбау көтеріп жүрген жоқпын. Мәселеге жан-жақты қарауға тырысудамын. Содан кейін, халқым деп жатқанның жанашыр, айқайлағанның бәрі Алашшыл емес екенін түсінсек. Өткені, мен бүгіні белгісіз тұлғалар келіп, халықты ханға айдап салып, бүлік шығарып, ертең елді тастап қашпайтынына кім кепіл?
Қираған үй, қырылған елде қалатын сіз бен біз. Сондықтан, бірлікті ойлап, біліммен жеткізе білген жөн, не нәрсені болса да. Шеру, ешқашан бейбіт болған емес!», – деді Жорабаева.
Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Нұртас үкіметтен митингі үшін қамалған халықты босатуын өтінген еді. Кейін ұлын сынға алғандарға қатысты анасы Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасына жазба қалдырған.