Сексуализм – әдемі келбет пен тартымды мүсін ғана емес. Модель Динагүл Тасова Instagram-парақшасында сексуалды әйелдің қандай болу керектігін жариялады.
Сонымен, әйелді қандай қасиеттер сексуалды етіп көрсетеді?
1.Өзіне деген сенімділік
Сенімділік – ең маңызды кілт. Сенімділіктің арқасында басыңызды тік ұстап, әдемі жүрісіңізбен, күлкіңізбен кез-келгеннің есін тандыруға болады. Өзіңізге сену арқылы болашақ өміріңізді жақсы жаққа бағыттайсыз. Табысқа жету, қалағаныңа қол жеткізу де өте сексуалды көрінеді.
2. Амбиция!
Амбиция - көздеген мақсатқа қол жеткізуге, ойлаған ісіңді іске асыруға үлкен көмек. Амбицияны неліктен сексуалды деп отырмын, өйткені мақсаты нық ер адамға мақсаты айқын серіктес тауып, бірге шыңдарды бағындыруға мүмкіндік бар. Қыз бен жігіт арасындағы ара-қатынас сондай болуы тиіс.
3. Құмарлық!
Өмірге деген, өзге адамға деген құмарлық. Өнерге, сүйікті ісіңе, әнге құштарлық – ары қарай өмірде «кірпіш болып қалануыңа» итермелейді. Әйел адамды өз ісіне берілген, жұмыстан басқаны ойламай жүргені сырт көзге өте сексуалды болып көрінеді.
4. Мейірімділік!
Біреуге мейірімді көзбен қарау, өкінішке қарай, біздің қоғамда азайып барады. Өзіңіздің жұмысыңызды жиыстырып қойып, өзгеге көмек қолын созып, әңгімелесіп, жүрекпен оның сезімін сезініп жүрсеңіз сізден тартымды адам жоқ. «Аузын ашса, жүрегі көрінетін» әйелді «сырты-бүтін, іші түтін» адамдармен еш айырбастай алмай қалады.
5. Шыншылдық!
Әйел адам шыншыл болған жағдайда ер адамның жүрегінен тікелей орын таба алады. Өйткені ешқандай еркек атаулы өмірін өтірікші адаммен байланыстырғысы келмейді. Егер болашақ жарыңызға сенім артып, араларыңызда сенімділік артып тұрса, өмірлік әдемі отбасы құруға болатыны анық.
6. Талғампаздық!
Талғампаздықты киімнің бағасымен салыстыруға болмайды. Өмірлік ұстанымыңыз бен талғамыңыз сәйкес болу керек. Өмірде сіздің қандай көлікпен жүретініңіз, қандай ортада өмір сүретініңіз маңызды емес. Егер сіз адамдарға жамандық ойлайтын болсаңыз, байлықтың құны бір тиын.
7. Интеллект
Адамды сыртқы келбеті бірінші тартатыны бәріне мәлім. Алғаш көрген адамды ішкі жан-дүниесімен саралау мүмкін емес. Көптеген қатынас жыныстық қатынастан басталып жатады. Құмарлықпен басталған «махаббат» ұзаққа созылмайды. Өйткені ол кезде ашық сөйлесуге уақыт болмайды.Бір-біріне деген құмарлықтан өмірлік отбасы шықпайды. Осы тұрғыда интеллект көп нәрсені шешеді. Ер мен әйелдің арасында кез-келген тақырыпта сөз қозғай алатындай қатынас болуы тиіс.
Адамды сырт келбетіне қарап таңдаудың әбестігі жоқ. Физикалық тартымдылық – кез келген қатынастың бастамасы. Бірақ жігітті ұстаудағы жалғыз фактор ол болмауы керек.