«Уақыт көрсетеді» Youtube жобасының қонағы Қазақстанның халық артисі, режиссер, актер Тұңғышбай Жаманқұлов Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат берді. Өнер иесі көкейде жүрген өкпесі мен өкінішін айтты. Актер осыған дейін 40 шақты кинода басты рөлді, театрда 70 басты кейіпкерді сомдаған. Бірақ ұжымдастары зейнеттегі Тұңғышбайдың 70 жасқа толған туған күнін тасада қалдырған.
«Менің 70 жас мерейтойым тойланған жоқ деп айта аламын. Өйткені Үкімет жағынан назар болмады. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап телеграмын жіберді. Көптеген киноларда басты рөлді сомдап жүріп, халыққа Абылайханды, Жәнібекті, салқам Жәңгірді дүниеге әкелген ағамыздың өнерде жарқырап жатқан жолы бар еді ғой деп тойлау болған жоқ. Кішкене өкпе-наз қалды. Бірақ оған өкінбеймін», - деп ренішін білдірді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Халық әртісі оны киноға түсіргісі келетіндерге қысым болатындықтан шақырмайды деп ойлайды. Кино әлемінен өзі ғана емес, келіншегі де қуылған екен.
Оның ойынша, ешкім өнерлі отбасымен жұмыс жалғастырғысы келмейді, қорқады екен. Бұрын көбі өзінің беделі үшін актермен араласқысы кеп тұратын. Қазір көбі теріс айналыпты.
Сондай-ақ Тұңғышбай Жаманқұлов өзі үшін «авторитет» тек халық екенін атап өтті.