Танымал әнші Жанар Айжанова соңғы уақытта Instagram-парақшасында отбасы құндылығына қатысты, салт-дәстүрді дәріптейтін мәселелерді көтеріп жүр, деп жазады Sn.kz.
Ол өзінің кезекті жазбасын психолог, нумеролог атаулыға «Құдайындай сиынып» сенетіндерге арнады.
Оның айтуынша, қазір елдің барлығы өз-өзін дамыту бағытында нан табу үшін өздерін жарнамалап жүрген адамдарға сеніп кеткен.
«Сіздің үйде «ас қайтару», «бата беру» дәстүрі сақталған ба? Қазір бұларды біздің қоғамның ескінің қалдығы көреді. Бірақ шетелдік бір психолог, тренерлер «аффирмация, сила слова, энергия слова» деп бас қатырса ауыздарын ашып, көздерін жұмып тыңдайды. Шетел көрмеген, кітап ашып оқымаған, тек даланың пәлсапасымен өмір сүрген бабаларымыз сол сөз құдіретін баяғыда біліп, тәжірибеде қолданған еді ғой!», - деп бастады ол жазбасын.
Осы әңгіме барысында қазіргі қазақтардың сөзге жұтаңдап кеткен мәселесін де көтерді. Қазіргінің қарттары «бата қайыру» дегенді білмейтінін, оларға қарап өсіп келе жатқан жас ұрпақтың да тілек айтуға шорқақ екенін айтып қынжылды.
«Қазір той-томалақ, жиындарда үлкендерден бата алып жарытпаймыз. Тілек айтып кетеді. «Сол үшін алып қояйық» деп бітіріп, ұятқа қалдырады. Ал нағыз батаның астары, әр сөзінің салмағы, тәрбиелік мәні бар еді.
Әжеміз: «Жарылқа! Қабыл ет! Бақ бер, бәледен сақта! Абырой бер, аман сақта!» деп ас қайырғанда бала-шаға түгел бет сипайды. Батаны кез келген адам бермейді. Көргені көп, түйгені мол, даусы нық, діңі берік, өзегі мықты адам ғана лайықты. Өйткені айтылған сөздің қуаты жер төңкеріп кете алады.
Жапон халқы қазақтың бата беру дәстүрін зерттеген. Содан батаның адамға мотивациялық әсерін, миға программа салу қасиетін анықтапты. Өздеріне осы дәстүрді енгізіп, сөздің қуатын қолданғысы келген екен. Алайда қазақтың бата беруіндегі басты ерекшелік – сөзді шебер пайдалануды жеткізе алмапты. Бата беру жай ғана тілектер тізбегі емес: әр сөзді орынды қолдану. Қызға, әйелге, анаға, келінге деген бата бөлек-бөлек. Жас бала, жігіт, азаматқа деген бата бөлек-бөлек. Әрқайсына арналған сөз бар. Сол сөз арқылы жүктелетін ой, сенім, мақсат бар» - деді Жанар Айжанова.
Әнші жазбасының соңында өзінің оқырмандарын бата беруге үйренуді шақырды. Және жақсы бата көңіл-күйге әсер етіп, бойға қуат беретінін айтты.
«Атадан бата алған ұл есті, қыз көргенді. енеден бата алған келін ұятты болады. Сол бата арқылы ата-ененің статусы көрінеді. Сыйлауға лайық биігіне шығады», - деп әнші өнегелі ойларымен бөлісті.