Сәкен Майғазиев мүгедек жігітке сахнада жатып микрофон ұсынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Beine.kz Facebook-парақшасына сілтеме беріп.
Жезқазғанда өткен кеште «МұзАрт» тобы «Сағынғанда бір келерсің» әнін орындап, көптің қошеметіне бөленген. Ән орындалып жатқан кезде мүгедек жігіт сахнаға жақындап, әншілердің ішінде Сәкен Майғазиев жарымжан балаға сахнадан микрофон тосып, жігітке әнді топпен бірге орындауға мүмкіндік берген. Мүмкіндігі шектеулі баланың дауысы естілу үшін Сәкен Майғазиев жата қалып, микрофон ұсынған. Өнерді ерекше бағалайтын жас жігіт осылайша «МұзАрт» тобымен бірлесе ән шырқады.
Бұл бейнежазбаны Сәкен Мағазиев әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеп, жігітке риза болғанын айтты. Мүмкіндігі шектеулі баланың өнерге деген махаббатын көрген әнші Жезқазғандықтарға алғыс айтуды да ұмытпады.
«Өнерді сүйген таудай жүрегіңнен, бауырым. Рахмет, Жезқазған!» - деп жазды Сәкен Майғазиев.
Әншінің әрекетін құптаған желі қолданушылары, Сәкен Мағазиевке ыстық ықыластарын білдіріп, алғыс айтты.
«Сіздің кішіпейілдігіңіз де көрініп қалды», «Сәкен, айналайын дауысың қандай керемет. Жүрегің тіпті керемет», «Қарапайымдылық», «Алла разы болсын», «Кембағал адамның арманын орындағаңыз үшін сізге көп рахмет. Бай-қуатты болыңыз. Осындай игі істерді жасай берсеңіз, құдайдың мейірім-шапағатына бөленесіз», - деп пікір қалдырды жұрт.