Атышулы блогер Айжан Байзақова сайлау қарсаңы алдында тойын неге жасағанын түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz, DIGISTAN 4 бағдарламасына сілтеме жасап.
Айжан Байзақова мұның сайлауалды қасақана жасалғанын білмегенін, бірақ, осы видеоны жасауға өзіне тапсырыс берушілердің бір арам ойы болғанын жасырмады.
"Шын айтайын, мен білген жоқпын. Бірақ сайлау күні қарсаңында маған менеджерім хабарласып, "Салем соушен" компаниясы (одан кейін олармен жұмыс істеген емеспін) бір видеоларын сенің парақшаңа орналастырғысы келеді деді. Бірақ мен оған рұқсат бермедім. Өйткені менің өзім болмайтын кадрларды парақшама салмаймын. Содан айттым, одан да ақшасын төлесе, онда өзім болатын бір видео түсірейік деп. Бізге үлкен аудитория келу үшін сіз қандай ұсыныс айта аласыз деді олар. Мен айттым, 25 маусымда кетуім керек, соған дейін бірнәрсе түсіріп кетейік дедім. Ал олар айтты, "сен жоғалып кет, инстаграмға шықпай қой бір апта" деді. Мен оған келіспедім.
Мен той жасау туралы идеяны ортаға салдым. Бірақ олар түсірілім уақытын асықтыра бастады. 7 маусымға дейін біту керек деді. Содан ойланып қалдым, осының сайлауға қатысы жоқ па өзі деп. Сөйтіп өздерінен сұрадым, олар күліп, оған мұның еш қатысы жоқтығын айтты. Күмәнданған себебім, мен оларға жолсапардан келген соң тамызда түсірейік деп едім, оған келіспей, 7 маусымға дейін деп қадалып тұрып алды олар. Өз басым, менің сол видеом сайлаушыларды сайлаудан назарын бұра алды деп айта алмаймын", - дейді ол.
Дегенмен бұл бағдарламаға қатысқан "Жұрттың баласы" тобының жетекшісі Мұрат ол видеоның мақсаты сайлау болғанына сенімді.
"Трендке шықты ғой ол өйткені. Жұрт трендтегі жаңалықты оқиды. Трендте Қасым-Жомарт Тоқаевтың 70 процент алған жаңалығы емес, Байзақованың үйлену тойы тұрды. Бұл жаңалық белгілі бір деңгейде жұрттың көңілін басқа бағытқа аударды", - деп санайды ол.