Басқасы – басқа, негізінен эстрада саласында жүргендердің «жұлдыз» ауруына жастайынан шалдыққаны қиын. Ерте есейдім деп ойлайтындар оңай қол жеткізген атақ-даңқтың буын көтере алмай қалады. Ондай будың буынға түсіп кететініне әлемдік жұлдыздардың өмірі айқын дәлел.
Мысалы, әйгілі «Битлз» тобының жігіттері өмірде көрмегені сол ғана деп сезінсе керек, кейін есірткімен есіріктеніп, тағдырларын тәлкекке айналдырып алды. Бұл – дүниенің дүйім жұрты білетін айғақ. Айтпағымыз ол емес, бұл жерде өзіміздің өнердегі өрендердің де солардан қалыс қалып жатқаны шамалы екенін ескермекпіз.
Қазақ эстрадасында нашаны былай қойып, кокаин иіскеп жүрген жігіттер бар. Өз күшімен көтерілгендердің ондайға үйірсектенбегенін білеміз. Әсіресе, «папасының баласы», «мамасының баласы» атанып жүргендер бейім. Біреуін көгергені киім ішінде қалатын жерінен ұрса да қойдыра алмаған әкесі, амал жоқ, оны дін жолындағы елге елеулі жігіттерге жетектеп апарып тапсырды. «Адам қылып беріңдерші» деп. Олар есірткісіз тұра алмайтын есер ұлды намазға да жығып көрді, қажылыққа да апарып бақты. Бірақ, нәтиже жоқ. Нәтиже емес-ау, ол бейбақта дінді қабылдай алар сана да қалмаған. Уақытының көбін кокаинның уытына арнаудан басқаға миы жетпей жүр.
Сол әншінің «кокс» иіскеуге қоқыс терген қаңғыбасша басымен кіріп кеткен досы бар. Ол да өзінше бір «жұлдыз». Екеуінің әр сенбі сайын елордадағы бір ректордың жекеменшік моншасына көздері қызарып барып, одан не айтып, не қойғандарын білмей шығатындарын сондағы әкімші жігіттер әңгіме етіп жүр. Бұл жердегі «кокс» деген сөзді де аспаннан алып отырған жоқпыз. Сол «жұлдыздар» арасында есірткі түрлері «кокс», «балык», «индюха» дегендей жаргондармен аталып жүр. Соңғысын бір әншіміз сахнада тұрып, дүйім елдің көзінше де айтып қалғаны белгілі.
Екеуін ата-аналарының өтінішімен дін жолына қабылдап көрген дөкей ағалары да ештеңе істей алмаған. Айтуынша, оның өзі кейде нәпсісін тыя алмай қалатын көрінеді. Ішімдік, шегімдікке әуес емес, бірақ, «Құранда жазылмаған» дейтұғын қарабұйра насыбайды ширата атады.
«Жас жұлдыздарды» ата-аналары мың жерден есірткісін қойсыншы деп қажылыққа апарып, Қағбаны айналдыра жүргізіп, келіндеріне хиджаб кигізіп қойса да аһ ұрудан арыла алмай-ақ қойды. Оған өздері кінәлі. Әбден ақшаға құнығып кеткен. Ұлдарын миллиондар табатын «кассовый аппарат» ретінде ғана пайдаланды. Ал тәрбиелері тәпішкенің астында жатыр...
Жалпы, біздің эстрада, спорт, әдебиет «жұлдыздары» неге дінге құмар десеңіз, оның басты себебі осында жатыр, ағайын! Наша шегеді, кокаин иіскейді. Кеңес өкіметі кезіндегі Владимир Высотский секілді арақ ішетін атақтылар қазіргі өнер иелерінің қасында жіп есе алмай қалған. Өкінішті-ақ!
Қасым ҚАРАБАЛИН