Танымал журналист Ирина Советжанқызы біраз уақыт бұрын отбасылық өмірі туралы айта бастаған еді. Бұрын ажырасқанын жасырмаған ол өзге қыз-келіншектерге сабақ болса деген ниетпен, жеке өмірінде болған жайттарды бүкпесіз айтуда. Бұл жолы тележүргізуші күйеуімен ажырасқанда өкініші болғанын жеткізді, деп жазады Stan.kz.
«Балаларды әкесінен бөлек тәрбиелеген әйелде, «бір жастықта қартаямыз» деп бір-біріңе берген уәдеден тайқып, «тағдырды» желеу етіп, жан-жаққа кеткен жұптарда өкініштің болмауы мүмкін емес қой. Өкпеледім, ренжідім, өзімді емес, оны кінәладым мен де.
Маған да бастапқы кезде «өлсем де саған жалынбаспын, кетсең кете бер қай әйелге кетсең де» деген қырсықтығымды ақылға жеңдіру қиын болды. «Мен әйелмін, жанұямды сақтап қалу – қолымнан келеді ғой» - демедім», - деп жазды Советжанқызы Instagram желісінде.
Тележүргізуші бірнеше жыл бір шаңырақ астында тұрып, қос перзент сүйген жұбайымен ажырасқаннан кейін, оған реніші болғанын, алайда бәрін ішінде сақтағанын айтты. Ал қазір менде өкпе де, реніш те жоқ, дейді ол.
«Қай еркек сыртқа кетпей жатыр? Оның басқаға көз салмасы үшін, әйелдік қылығымды көрсетіп қалып, «сүйем-күйем, сені қимай жүрмін» демедім. Не ойласам да, ішімде болды. Сыртқа шығармадым. Ал, өкпем қара қазандай еді. Өзіме емес, тек соған ренжідім. Яғни өкпем болды. Ал қазір менде өкпе де, реніш те жоқ. Баяғы сезім де жоқ», - дейді журналист.
Мұнан бөлек, Ирина Советжанқызы сол кездегі бір шешімі үшін өкінбейтінін айтты. Ол – ажырасса да, балаларын әкесінен бөлектемеу. Бүгінде тележүргізушінің қыз, ұлы әкесімен жақын араласпаса да, жақсы көреді екен.
«Ол кезде жас болсам да, «бөлек кетсек те, балаларды әкесінен ажыратпаймын» деген шешім қабылдауға миым жетіпті әйтеуір. Қазір психологиялық кітаптарды көп оқып, тренингтерге жиі қатысқан сайын осы шешімімнің дұрыстығына көзім жете түсті.
Бұл шешімім – әкесіне деген сол кездегі «өз өкпемді» балаларға артпауға көмектесті. Қызым мен ұлым әкелерімен тым тығыз қарым-қатынаста болмаса да, әкелерінің жақсы адам екенін, өздерін жақсы көретінін біледі. Менің өз өміріме қатысты жазған жазбаларым - кейбір тағдырластарыма әсер етіп, балаларын әкелерімен араластыра бастаған екен.
Сондықтан тағы бір баланың әкесінен алыстап кетпеуіне ықпалы болып қалар деген оймен осындай әңгімелеріммен бөлісіп тұрамын», - деп түйіндеді журналист.