Мен өте қорқақ бала болып өстім..Мектепті бітіретін жылы Семейге Серік Қалиев ағайыммен айтысқа бардым. Поездбен! Плацкартпен! Қапталдағы төсекте үстіңгі қабатта ары-бері өтіп жатқан жұртты бақылап жатырмын.
Бір кезде төменгі қабатта сыра ішіп отырған екі еркек ерегісіп қалды. Быт-шыт боқтық кетіп жатыр. Бір-бірін жұлқылап төбелес басталып келе жатқанда біреуі пышақ алды қолына. Пышақты сермеген сайын қолы мен жаққа кетіп қала берді. Қорыққанымнан ұстазымды іздей бастадым. «Ағай!» деп айқайлайыншы десем тілім таңдайыма жабысып қалған. Аяқтарымның сіңірлері тартыла бастады бір кезде.
Сонымен жолсеріктер келіп бұзықтарды тыныштандырды. Бірақ, әлгі қорқыныш сезімі менде қалып қойды. Біреу ала көзімен қарай бастаса тілім таңдайыма жабысып жүрегім тарсылдай бастайды. Айдаладағы әйел мен күйеуінің дауыс шығарып ұрысқанын көрсем де сол...
Солай қорқынышты арқалап өте көп жыл жүрдім. Кейде жоқ боп кетеді, бірақ аяқ астынан есіме сарт ете қалса есім шығады. Түнде есіме түссе тұншығып кетемін. Үнемі біреу мені пышақтап кететіндей хәлде жүретін едім. Психологияға алғаш келгенде бірінші осы қорқыныштан құтылуды ойладым. Психологтың көмегімен есіме түскені мынау болды.
Шамамен 8-9 жасымда апам Ақсуаттағы аудандық ауруханаға түсті.
Бір күні апамды сағынып ауруханаға келіп коридорда күтіп отыр едім, кушеткамен қансыраған бір адамды алып келе жатты. Тамағы осылған, бірақ тірі… Ес-түссіз. Менің дәл жанымнан өтіп бара жатқан кезде қорыққанымнан орындықтың астына кіріп кеттім-ау деймін, нақты есімде жоқ.
Сәлден кейін апам шыққан кезде «бісміллә, бісміллә» деп таңдайымды басқаны есімде. Аллаға шүкір, өз-өзімнен жұмыс жасап жатып, қорқыныштардан құтылдым. Әрине, самолет селкілдесе, жылан көрсем, қатты биікке шықсам, қорқамын.
Бірақ, жүрегім ұшып, уайымға түспеймін. Бірден ұмытылады. Қорқыныштың бір жаман жері, миға тыныштық бермейді, сенімді азайтады, сабырды тауысады.
Инстаграм парақшасынан