82 жасында 1982 жылғы бикешпен шаңырағын жаңғыртқан Нұрғали Нүсіпжанов тойдан кейін алғаш рет Shownews.kz ақпарттық порталына эксклюзивті сұхбат берді.
Өнер иесінің жеке өміріндегі өзгеріс желі қолданушылар үшін күтпеген жаңалық болды. Қазнетте қызу талқыға түскен бұл некеге алғашқы тарап қолдау көрсетсе, екінші жақ жұбайлардың қадамын құптамаған.
«Мен халықтың байлығына қол сұққаным жоқ. Біреудің иелігін тартып алған жоқпын. Өз ықыласымызбен, өз келісімімізбен қосылдық. Мен жас бала емеспін. Менің де асты-үстіме қарайтын көмекші, сенімді адам керек. Қазіргі заманда өмір сүру оңай емес. Пейілі дұрыс, көзі көре алатын, құлағы ести алатын жандар баталарын беріп жатыр. Ал енді бірі қисық сөздерін жіберіп, адамдардың құлағын былғап жатқандар да бар. Оларға айтар сөзім жоқ. Біреумен айқайласу ойымда да жоқ. Менің өмірлік ұстанымым –ешкімнің ала жібін аттамау», – дейді Нүсіпжанов.
Өнер иесінің келіншегімен таныстығы осыдан 5 жыл бұрын бастау алған. Отандық бағдарламалардың бірінде Нүсіпжановпен сұхбаттасқан Жадыра Сейдеш, бүгінде әншінің өмірлік серігіне айналды.
«Қымызды кім ішпейді, қызбен кім сөйлеспейді. Бұл талқыланатын үлкен бір тақырып емес. Адамдардың ой арманы, адамдық қасиеттері жақындасады. Кез-келген адаммен тіл табысып кете алмайсың. Жадыраны түсірілімде жолықтырдым. Біз сұхбаттарда да кездесіп жүретінбіз. Оның істеген еңбектерін бағаладым. Келіншегімнің адалдығы, сауаттылығы мен еңбекқорлығы мені тәнті етті. Бұл неке екі жақтың келісімімен, ризалығымен болды», – деді өнер иесі.
Нүсіпжановтың алғашқы некесінен үш, екінші отбасынан қос қызы бар. Әкелерінің егде жаста үшінші рет шаңырақ көтеруіне бес перзенті де қолдау көрсеткен.
«Бұл некені қыздарым жақсы қабылдады. Қарсылық танытпады. Керісінше маған қолдау көрсетіп, түсінікпен қабылдады. Қыздарыма ризамын», – деді әнші.
Халықтың құрмет қошеметіне бөленген әнші, өзіне айтылған кереғар пікірлерді елемейді. Себебі, қазіргі жағдайы толықтай көңілінен шығады. Жақында ғана денсаулығы сыр берген өнер иесінің бүгінгі хәлі едеуір жақсарған.
«Бір аунап тұрдым. Ер болған соң ауырдым деп айтудан аулақпын. Қазіргі жағдайым жақсы. Жанымда Жадырам бар. Көмектесіп, қол ұшын созып отырады», – деді Сейдештің сүйіктісі.
82 жасында күйеужігіт атанған Нүсіпжанов, енді шығармашылығын қолға алмақ. Халық әртісінің алдағы жоспары еліміздің аймақтарын аралап, жеке кешін өткізу!