Кинотеатрларда көрсетіліп жатқан «Томирис» фильмінен түскен қаржы жарты миллиард теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі 27 қыркүйектен бастап прокатқа шығарылды. Көрсетіліп жатқанына бір айға жуықтаса да көрермендер тарапынан қызығушылық азайған жоқ, деп хабарлады «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі.
Сақ патшайымы туралы кинотуындының көрсетілімі 13 қарашаға дейін ұзартылды. Ал 27 қыркүйек пен 22 қазан аралығында отандық кинотуынды көрермендерден 482 085 200 теңге жинаған.
Әлия Назарбаева продюсерлік еткен «Томирис» тарихи туындысына бюджеттен 10 миллион доллар, яғни 3 миллиардқа жуық қаржы жұмсалған. Біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейтін фильмді түсіруге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырыс берген еді.