01.11.2019, 18:00

Бесінші баласына жүкті Гүлназ Әлімгерей эфир кезінде көзіне жас алды (ВИДЕО)

Ол Гүлназ ханымға өзімен бірге өткізіп жатқан бақытты отбасылық өмірі үшін алғыс айтып, оған деген махаббат сезімін білдірді.

Отандық танымал тележүргізушісі Гүлназ Әлімгерей жақында бесінші баланың анасы атанбақ. Бұл қуанышты жаңалық журналистің өзі жүргізетін "Ниет" бағдарламасының тікелей эфирінде белгілі болды. Жүргізушінің жолдасы студияға видеоқоңырау арқылы хабарласып, сүйікті жарына естен кетпес тосынсый жасаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Гүлназ Әлімгерейдің жолдасы Нұрділдә Ораз отасқандарына 15 жыл толуына орай, әйелін тікелей эфир кезінде, көрерменнің көзінше құттықтауды жөн көрген.

Ол Гүлназ ханымға өзімен бірге өткізіп жатқан бақытты отбасылық өмірі үшін алғыс айтып, оған деген махаббат сезімін білдірді. Күйеуінің бұл тосынсыйын күтпеген тележүргізуші оның сөздерінен кейін көз жасына ерік берді.

Нұрділдә Ораздың әсерлі құттықтауынан кейін студияға ерлі-зайыптылардың балалары келіп, анасына гүл шоғын тарту етті.

Ерекше эфир соңында Гүлназ Әлімгерей дүйім жұртқа өзінің жүкті екенін жариялап, жақында бесінші сәбиін дүниеге әкелетінін жеткізді.

Әсерлі сәттің видеосы аталмыш бағдарламаның Instagram парақшасында жарияланған.

Айта кетер болсақ, бүгінде Гүлназ Әлімгерей - төрт баланың анасы, "Қазақстан ханымы 2010" байқауының жеңімпазы. Ол әлем ханымдары бас қосқан додада қазақ әйелінің образын көрсетіп, көптің көңілінен шыққан.