«Арманнан қалма». Бұл Ержан Максимнің Польшадағы «Джуниор Еуровижнде» орындайтын өз тағдырымен сабақтас ән, деп хабарлайды "Хабар24".
Арманшыл ауыл баласының үлкен өнерге қадам басып, әлемдік сахнаға жасаған сапары суреттеледі. Әннің сөзін жас ақын Данияр Алдаберген жазған. Ал әуені композитор Хамит Шанғалиевтікі. Алдымен әннің әуені дүниеге келіп, өлеңі кейін жазылған. «Әуен жанры анимациялық, ол орындаушының жасына сәйкес келеді» дейді композитор. Кең тынысты ән Максимнің дарынын танытуға, оның дауыс ерекшеліктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Төмен ноталардан бастап, барлық жоғары ноталарды қамтиды.
Хамит Шанғалиев, композитор:
- Демо нұсқасын тыңдағанна кейін әнді ұнатып қалды. Және бұл ән дауыстың мүмкіншіліктерін көрcетуге өте ыңғалы ән болып шықты. Сондықтан соны таңдадық. Дисней, мультик стилінде деп жатыр. Біз әдейі сол стильде жасадық. Жәй бір апталық ән болып қалмасын деп, кең тынысты шығарма жазсақ деген ниетіміз болған. Сондай идеяға тоқтадық.
Данияр Алдаберген, ақын:
- Музыканың түріне де байланысты, кейде қиын боп жатады. Сазы мен ырғағы көңілге қонбай жатады. Осы жолы ән көңілімнен шыққаннан кейін тез, 1 сағатта әннің мәтіні дайын болды.