Қазақстандық танымал рэп орындаушы Шыңғыс Әлкеев барша айтыскерлердің наразылығын тудырар күтпеген мәлімдеме жасады. Ол қазақтың төл өнері саналатын айтыстың қазіргі уақытта өзінің өзектілігін жойғанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ, "New old qazaqtar" бағдарламасына сілтеме жасап.
Shyngys лақап атымен танылған рэпер бүгінгі күні айтысты тыңдайтын соңғы буын ғана қалды деп есептейді.
Сонымен қатар, ол болашақта өнердің бұл түрі "мұражайда экспонат болып тұратынын" болжады.
"Неғұрлым сөз қою, неғұрлым мән-мағынасы ауыр болатын болса, ол дүние соғұрлым өтпейтін болған. Ол бәріне аян. Сол себептен болар, айтыс қазір өзектілігін жойды. Соңғы буын қалды ғой тыңдайтын. Сол буын кетеді.
Келесіде айтыс өлмейді, мұражайда болады. Экспонат болып тұрады. Бәріміз айтамыз "Бізде осындай айтыс болған" деп. Алтын адамның қасына қойып қоямыз.
Мен айтыс өлсін деп қарғап жатқаным жоқ. Бірақ, әр нәрсе өз заманына сай болсын да. Мысалы, айтыс қазіргі формасында өте ескірді.
Шыны керек, заманға сай емес. Сол үшін бір "upgrade" жасап, жаңашылдық енгізу керек сияқты.
Айтыскерлер шапан емес, заманауи киім киіп, кроссовки мен джинсы киіп, құлақтарына сырға салып, қызыл шашпен, электродомбырамен айтысатын болса, мен соны тыңдап, ләззат алатын едім", - деді Шыңғыс.