$ 494.87  520.65  4.91

«Сценаристерге қарын ашады»: Бүркіттің кинопродюсерлік мансабы тоқырауға тап болған ба?

Менің сценарийімді менсініп жатқан продюсерлер бар деп ойлайсыз ба? Меніңше, жоқ. Біз ешқашан бір-бірімізді мойындамаймыз ғой.

Бүркіттің кинопродюсерлік мансабы тоқырауға тап болған ба? Кинонарыққа аяқ басқан Айқын да әріптесінің күйін кешпек пе? Толығырақ Shownews.kz тілшісі хабарлайды.

«Логово» лентасы - қазақ киноөндірісіндегі Бүркіттің дебюттық еңбегі. Қалың көрерменге криминал жанрындағы тұңғыш толықметражды туындысын ұсынған ол, араға жыл салып, «Загадай желание» фильмін жарыққа шығарған еді. Әйтсе де, тағы бір киноны таспалауды жоспарлаған Жансейітовтің әттеген-айы бар. Бүгінде Бүркітті сауатты сценаристер тапшылығы қынжылтып жүр.

«Шындығын айтсақ, біздегі сценаристерге қарын ашады. Жеті-сегіз ай болды, бір сценарийді әлі жазып жатырмыз, өңдеп жатырмыз. Сондықтан енді асықпай, биылғы жылды осы сценарийге арнадық», – дейді әнші.

Киноәлемге енді аяқ басқан Айқын да  Бүркіттің бұл сөзін жоққа шығармайды. Күні кеше «Операция гүлдер» фильмін түсіруге кіріскен әнші, сәтті сценарийдің болмауынан уақыт жоғалтып алғанын айтады.

«Қазақстанда кинопродюсерлер өте көп. Актерлар жағынан, түсірілім жағынан қиындық жоқ. Біздегі ең қиын мәселе сценарий екен. Жазатын адам жоқ. Өте аз, саусақпен санарлық және әр кезде жақсы боп шықпайды. Сондықтан сценарий жағынан көп ойландым, ұзақ жазылды», – деп Айқын ашығын айтты.

Әншіліктен продюсерлікке бет бұрған өнер иелерінің дабыл қағуы орынды. Бірақ, кейбір киногерлердің сценарист таңдауда талғамының төмендігі кері әсерін тигізіп, кәсіби мамандардың еленбей қалуына әкеледі. Бұл сөзімізді қазақстандық киносериалдардың бірқатарына сапалы сценарий жазып жүрген Гүлнұр Мамасарипова растайды.

«Менің сценарийімді менсініп жатқан продюсерлер бар деп ойлайсыз ба? Меніңше, жоқ. Біз ешқашан бір-бірімізді мойындамаймыз ғой. Айналайын, Гүлнұр, сенің осы сценарийің маған ұнап еді, маған да жазып берші деп айтатын бір продюсердің барына күмәнданамын», – дейді Мамасарипова.

Мамасарипова өзін меңземесе де, өзгенің еңбегін мойындай біледі. Киномаман ретінде бірқатар отандық туындыларды тамашалап,  салмақты сценарийлердің барына көз жеткізген.

«Самолетта отырған кезде «Больше чем кино» деген Асқар Бисембиннің киносы тұр екен. Құлағымда наушник, киноға беріліп кеткенім соншалықты, азан-қазан боп күліп отыр екенмін. Сонда жаңағы кинодан өзімді, жанымдағы адамдарды көрдім. Дәл осы фильмнің сценарийіне қатты риза болдым. Басы бар, аяғы бар. Қателеспесем, Бисембиннің өзі жазған. Ол өзі режиссер, өзі сценарист. Осы жақында тағы бір жаққа ұшып бара жатқанда, «Брат или брак» комедиясының 2-ші бөлімін көрдім. Дәл жаңағыдай күйде болдым. Маған өте қатты ұнады», – деп ағынан жарылды Гүлнұр.

Отандық сценаристер дәл осы қарқынмен қызмет етсе, алдағы уақытта қазақ  киноөндірісіндегі орын алған олқылықтардың оңалары сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары