Әнші бала кезінде сколиоз ауруына шалдығып, омыртқа жотасының қисаюы салдарынан пайда болған дерттен қатты қысылып өмір сүргені жайлы желідегілермен бөлісті, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталының тілшісі.
Жылдар өте ауруы асқынған Кәрімов, Кореяда омыртқасына ота жасатуға мәжбүр болғанын және басынан өткізген қиындықтары туралы әлеуметтік желіде бейнеролик жүктеп, жазба қалдырған.
«Ол кезде мен 15 жаста едім. Бастапқыда өзімді бір қалыпты сезінетінмін, ешбір жерім ауырмайтын, сырттай да аса қатты білінген емес. Кейіннен арқамның оң жағында дөңес пайда бола бастады. Сөйтсем ол омыртқаның қатты қисайып кетуінен екен. Уақыт өте жағдайым ушығып, ақыр соңында сол жақ қабырғам шығып, көріне бастады. Әрине, жас жігіт болған соң, елден қатты ұялып, тіпті, өзіме ұнаған киімді кие алмайтынмын. Адамдармен жақын қашықтықта жүруге де қысылатынмын, себебі, алға шығып кетсем бірден байқап, омыртқамдағы олқылық жайлы сұрап қалулары мүмкін еді. Барлық сахналық образдарымды да ешбір деффект байқалмайтындай қылып қайта тігуге тура келетін», – деді Кәрімов.
Өнер иесі ауруының салдарынан сахнада да ұзақ уақыт өнер көрсете алмаған. Тыңдарманын қуанту үшін сыр білдірмегенімен, ән айтып болған соң 5 сағаттан артық уақыт төсек тартып жату Әлішер үшін қалыпты жағдайға айналған.
Кәрімовтың дәл осы посты көпшілікті бей-жай қалдырмады. Желідегілер жылы лебіздерін жазып, сауығып кетуін тілесе, әнші де әрбір оқырманын жауапсыз қалдырмай, алғысын білдірді.