Күні кеше Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде белгілі кинорежиссер, сценарист Ермек Тұрсыновпен кездесу өтті. Екі сағатқа созылған жиынға студенттер мен оқытушылар, профессорлар қатысып, тың деректерге қанық болды, деп хабарлайды SkifNews ақпараттық порталы adyrna.kz сайтына сілтеме жасап.
Қонаққа қойылған сұрақтардың алғашқысы «Бейбарыс» кинокартинасына қатысты еді. Ермек Тұрсынов аталған фильмді түсірудегі қызықтар мен әлі жарияланбаған тарихи фактілерді көпке мәлім етті.
«Бейбарыс сұлтанның өмір жолына деген қызығушылығым студент кезімнен басталды. Елдегі құжаттар мен тарихи мәліметтерді зерттеген соң, Дамаск, Иордания, Палестина жерлерінде болдым. Мысырда бірнеше жыл тұрдым. Айтпағым, сұлтан жайлы жазылған деректер қазақ жерінде басталғанмен, жалғасы араб даласында еді. Алғашында Бейбарыс сұлтан жайлы фильм түсіру ойда жоқ еді. Бұл дүниеге үлкен дайындықпен келдім. Роман жаздым. Арабша нұсқасы 100 000 тиражбен шықты. 2 жылдан кейін орысша, қазақша тілге аударылып, тың деректерді кеңінен қамтыды" дейді режиссер.
«Мода дейміз, заман дейміз... Кеше жұмысқа байланысты болған соң, Скриптонит дейтін орындаушыны тыңдап көрдім. Қазақстандық екен, «әнімен жарып жатыр» деген соң, қуандым, жақсы дүние күткенмін. Сосын... Білмеймін, мен үшін музыка- Құрманғазының күйі, Моцарттың шығармалары. Мен осылардың туындысы жазылған пластинканы құшақтап келемін. ... Кейде өзімді бұл ғасырға жат адам секілді сезінемін», деп ренішінде білдірді.
Ермек Тұрсыновтың кездесуде айтқан сөздері: 1. «Жапондық досымның Қазақстанға келгенде айтқаны бар еді: «Біз сендерге қарай жүгірсек те, сендер бізді қуып жете алмайсыңдар»,- деп. Біз неге өзгеге ұқсауға, бәсекелесуге, солардың қатарында болуға ұмтыла береміз? Өзіндік руханиятымыз әлдеқайда биік емес пе еді?»; 2. «Ауылды қатты сағынамын. Ауыз толтырып айтарлық ауылдарымыз азайды»; 3. «Қазір атақ алуға, фестивальға кино ұсынуға ниетті емеспін. 10-15 үйден тұратын кемпір-шал қоныстанған ауылда кинокөрсетілім жасадық. Фильмді көргендегі эмоцияларын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сонда: «Осыдан артық қандай Оскар керек?» дедім»; 4. «Халық зиялы қауымынан айырылыпты. Соны түсіндім»; 5. «Экранға шыққанның бәрі кино емес»; 6. «Қазір композиторға да нота білудің керегі жоқ болып кетті»;