Журналист Аман Тасығанның youtube.com арнасындағы TalkLike жобасына ел алдында төрт мәрте омырауын жалаңаштап танылған атышулы «сән ханшайымы» Динагүл Тасова сұхбат берді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Модель ханым эфирге де төстартқышсыз келген бағдарламаның тақырыбы «Төсін ашқан экс-депутат қанша тұрады?» деп қойылған. Соған орай, сұхбат барысында Динагүл Тасова подиумға кеудесін жалаңаштап шыққаннан кейін өзіне бір түндік қызық үшін ақша ұсынатындар көбейгенін айтты. Тіпті, әлеуметтік желілер арқылы күніне 5-6 адам хат жазады екен. Олардың ішінде 10 мың доллар бермек болған байшыкештер де бар. Бір шетелдік жігіт миллион теңге жіберіп, онысын куәгерлердің көзінше өзіне қайтарып берген кез де болыпты.
Айта кетсек, бұл – бір жылдай жастар маслихатының депутаты болған 29 жастағы модельдің бірінші рет толыққанды ашық сұхбат беруі. Айтуынша, кеудесін алғаш рет жалаңаштағанда, оған 150 мың теңге ақы төленген. Екіншісінде де сол сомаға келіссе, үшінші мәрте 200 мыңдай алған. Ал төртінші кезекте мың доллар мен қосымша сый-сияпатқа ие болған.
Сахналық образын көрген жұрт оны әлеуметтік желілер арқылы жерден алып, жерге салып, жеңіл жүрісті қыздарға да теңеп жатты. Ал Динагүлдің өзі сыртынан айтылған ғайбат, қауесеттің бәрін жоққа шығарды. Мектепте де, университетте де, кейін де жігітпен жүрмегенін, тек некесіз күйеуіне ғана адал болғанын алға тартты. Өскемендік жігітімен «жеті жыл таныс болдық, некесіз үш жыл бірге тұрдық» дейді. Бірақ, бала көтермеген. Сәбилі болуды отбасылық өмірге дайын болмаған «күйеуінің» өзі қаламаған көрінеді...
Қысқасы, жеке басқа қатысты хикаяның толық нұсқасы – жоғарыда көрсеткен сілтемеде. Ал мамандығы бойынша журналист қызды Динагүл Тасова ретінде елге танытқан жалаңаш кеуде туралы айтсақ, ол жөнінде туған бауырлары да реніш білдіргені анық.
«Бірінші рет шыққан кезде звондап: «Сен неге өйтіп киініп жүрсің?» деді. Бірден айттым, «Маған артық әңгіме айтпаңдар! Онсыз да халықтан естіп жатырмын. Неге маған айтасыңдар? Өзіммен-өзім шешініп жүрген жоқпын. Сахналық образ ғой. Оны сол шешіндіріп отырған адамдарға неге айтпайсыңдар? Неге мен ғана кінәлі болуым керек?» дедім», - дейді Динагүл Тасова.
Енді сұхбаттың осы шу төңірегіндегі тұсынан қысқаша үзінді келтірсек:
«– Расында да неге сен таңдалдың? Қоғам неге сені назарына іліктірді? Неге сен омырауыңды аша бересің?
– Мүмкін мен өзім табиғи ашық жан шығармын, бір жағынан. Өйткені, мен еш нәрсені жасырмаймын, сосын хайп үшін жасамаймын. Мысалы, маған бір образ берсе, соны әдемілеп сомдап шығамын. Сен бүгін дерзкая болуың керек, мінезің тік болуы керек, шайтан болуың керек десе, соны жасап беремін кәдімгідей. Өйткені, мені соған оқытып, үйретті. Сахнадан шыққаннан кейін мен кәдімгі бұрынғы Динамын. Ал халықтың айтып жүргені... түсінгенім бойынша, оларға менің сахналық образым ұнайды. Ұнағандықтан, олар соны мәселе қылып көтереді.
– Не үшін деп ойлайсың?
– Төс ашық болғандығы үшін. Төс ашық болмаса, ешқандай талқылау болмайды деп ойлаймын. Ашық төс оларға қызық, әдемі.
– Сенің төсің әдемі ме?
– Иә. Менің жасыма идеальная деп айта аламын. Өйткені, показдардың біразын көрдім. Менен кішкентай қыздардың төсі мұндай емес.
– Сенің емшектерің жасанды емшектер ғой?
– Жасанды болғанымен, ол негізі табиғи сұлулығына байланысты болады. Егер табиғи формасы әдемі болмаса, миллион жерден жасатсаң да ол олай әдемі болмайды. Табиғаттан әдемі болса, онда ол өмір бойы солай болып тұра береді.
– Не үшін жасаттың?
– Жасатқым келді. Өзімнің ішкі жан-дүнием қалады...».
Осы орайда, Динагүл Тасова қазір өзінікіндей 200-300 мың тұрмақ, 50 мың берсең де арын, бойындағы барын ашып көрсете салуға дайын қыздар бар екенін айтты. Ал өзін сахналық образ ғана сомдағаны үшін көшеде білгенін істеп жүрген қыздармен салыстырудың қажеті жоқ деп отыр.
Жалпы, атақты модельге айналған ол оған дейін журналист ретінде бірнеше газеттер мен телеарналарда қызмет атқарған. Қазір де мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істеп жүр екен. Сән көрсету қосымша табысы көрінеді. Енді болашақта жеке кәсіп ашатын ойы бар.