Алматыда жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, көрнекті күйші-композитор Секен Тұрысбековпен кездесу кеші өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
1 қараша күні Алматы қаласындағы аудандық әкімдік аппаратының мәжіліс залында белгілі күйші Секен Тұрысбеков Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесіп, бабадан балаға мұра болып келе жатқан күй өнері хақында, ұлттық музыка төңірегінде салиқалы ойларымен бөлісті.
Нақтылап айтсақ, көрнекті күйші-композитор Секен Тұрысбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы ойларын ортаға салды.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген болатын. Ал түйсіне білген адамға ұлттық кодымыз қазақтың сөз өнерінде, классикалық әні мен күйінде жатыр», - деді Секен Тұрысбек.
Аталмыш іс-шараны Алматы қаласы, Наурызбай аудандық әкімдігі ұйымдастырған. Алматылықтармен кездесу барысында дәулескер күйші бірнеше шығарманы төгілте орындап, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.
Секен Тұрысбеков, күйші: – Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қазақтың өнеріндегі ең күрделісі, толғаулысы, сырлысы ол – күй өнері» деген сөзі бар. Тағы да Мұхаң «Қазақтың ұяты мен қасиеті тек қана күйінде қалды» дейді. Расында да, күй –біздің халыққа ғана тән өнер. Дәл қазақтай күйді құрметтейтін ел жоқ. Мәселен, біздің батысымызда да, шығысымызда да, Арқада да күй мектептері қалыптасты.
Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз. Кейбіреулер қазақта бес мың немесе жеті мың күй бар деп жатады. Тіпті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында арнайы санақ жүргізіліп, 5030 күй деген сан шыққан. Өз басым тыңқылдатқан дүниенің бәрін күй деп танымаймын. Шыққан мың күйдің ішінен он бес-жиырмасы жанымызға жылылық әкелсе, жүрегімізді қозғаса, ой салатын болса, иірімі, формасы, диапазоны, бояуы сай келіп тұрса, міне – нағыз күй, қалғандары қатардағы дүниелер.
Мәселе санында емес, сапасында. Мәселен, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйінен не ала алмайсың, не қоса алмайсың. Нұрағамыз сияқты жүрегіңді, жаныңды қозғайтын дүние шығады-ау деген күйді дамытып, соған өзіміздің үлесімізді қосып жатсақ, ол халықтың ертеңгі игілігіне айналады.