Алматы қаласында Алматы облысының Мәдениет күндері өтуде, деп хабарлайды Sn.kz.
Алматы қаласындағы аталмыш іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылуда.
Алатау баурайындағы шаһарға Жетісуден арнайы Бикен Римова атындағы драма театры, Сүйінбай атындағы филармония, Мұхамеджан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейі, қолданбалы өнер шеберлері мен «Алатау әуендері» концерттік ұйымы келген.
Сондай-ақ, аталмыш шара аясында жетісулық жиырма ақынның оқырмандармен кездесуі Алматыдағы «Жамбыл атындағы жасөспірімдер» кітапханасында өтті.
Облыстың Алматы қаласындағы мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған шарада жас ақындар жырдан шашу шашып, жиналғандардың қошаметіне бөленді.
«Алматы облысынан келген жас ақындардың кітаптарының тұсаукесері, жыр кеші, ыстық ықыласты лебіздері үлкен өнеге. Себебі, өтіп жатқан іс-шара мақсатының өзі – Алматының ортасында орналасқан кітапханада жастардың кітапқа деген құлышынысын ояту арқылы елге, отанға деген сүйіспеншілігін арттыру», - деді Алматы қаласы әкімі орынбасарының кеңесшісі Данияр Әлиев.
Өз кезегінде облыстық делегация өкілі, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев: «Бүгін Алматы қаласының тұрғындарын, оқырмандарын жас ақындарымызбен таныстыру және жастарды қолдау мақсатында, биыл жастар жылы болғандықтан Алматы қаласында, осы кітапханада арнайы шақыртып кездесу ұйымдастырып отырмыз», - деді.
Ал жазушы Дулат Исабековтің «Құстар фестивальі» ертегісін облыстық Бикен Римова атындағы драма театры Алматы қаласының кішкентай бүлдіршіндерінің назарына ұсынды. Ертегі балаларға арналып қойылғандықтан мұнда ащы мысқыл мен әжуа жоқ. Спектакль жеңіл әрі комедиялық сәттерге толы.
Баланың өмірге деген көзқарасын қалыптастыруда, эстетикалық талғамын, қиялын дамытуда театрландырылған қойылымдардың ерекше рөл атқаратыны белгілі. Осы тұста «Құстар фестивалі» ертегісінің де берері мол. Сондай-ақ, Алматы қаласы мен Алматы облысының мәдениет саласының қызметкерлері бірқатар екі жақты келісімдерге қол қойды.
Мақсат - іргелес жатқан шаһар мен облыстың мәдениет саласының дамуы жолында «бір жағадан бас шығарып» жұмыла жұмыс істеу.
Мәдениет саласының мамандары бас қосқан отырыста сонымен қатар, туризм, кино инустриясы саласын дамыту мәселесі де сөз болды. Алқалы жиында екі жақтың мамандары қашанда бір-бірін қолдауға дайы жеткізіп, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласып тарқасты.