$ 494.87  520.65  4.91

«Жазушылардың деңгейі өспеген соң, халықтың да деңгейі өспейді» - Асанәлі Әшімов

«Бір журналист қарындасым қойылым туралы мақала жазыпты. «Спектакльді көрдің бе?» деп сұрасам, «репетицияны ғана көрдім» дейді.

М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. Режиссер Жұлдызбек Жұманбай көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінің желісі бойынша «Қар қызы» қойылымын сахналады, деп жазады Nege.kz.

Премьерадан бұрын әдеттегідей журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов өз пікірінде: «Соңғы кезде роман жазатындар жоқ. Бұрын бір роман жазса, өкіметтен бір көлік мінетін еді. Содан да Мұхтар Әуезов сияқты жазушылар жоқ. Жазушылардың деңгейі өспеген соң, халықтың да деңгейі өспейді. «Әдебиет өспей, ел өспейді» деген ұлылардың сөзі бар. Ол рас», – деді.

Сондай-ақ, ол журналистердің қойылымдарға сыни көзбен қарамайтынын тілге тиек етті.

«Қай жағы дұрыс, қай жағы бұрыс екенін білмей қалдық. Газетке өсек-аяң жазуға құмарсыздар. Ондайды сарыжағал басылымдарға қалдырыңыздар, ұят болады. Сосын құр отырып қайтпай, белсенді болсаңыздар. Сіздермен спектакль алдында емес, кейін кездесу керек сияқты», - деді. Бұл ойды театр директоры Сәбит Әбдіхалықов та құптады.

Ал «Қар қызы» қойылымында Қоңқай шалдың рөлін ойнаған актер Бауыржан Қаптағайдың да тілші қауымына көңілі толмайды екен.

«Бір журналист қарындасым қойылым туралы мақала жазыпты. «Спектакльді көрдің бе?» деп сұрасам, «репетицияны ғана көрдім» дейді. Бұлай болмайды ғой. Сауатты мақала, сыни пікір айту үшін екі құрамның да ойынын көру керек. Сосын қазір тек көргенді баяндап қана жазады. Сын айтылу керек. Мақтағаннан адам өспейді. Кемшіліксіз нәрсе болмайды», - деді.  

Қазақстан Жазушылар одағы, Алматы қалалық әкімшілік және театрдың ұйымдастыруымен Оралхан Бөкейге арналған галерея және театрдың «Музей» бөлімінің ұйымдастыруымен «Қар қызы» спектаклінде ойнайтын артистердің галереясы көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар, «Сырласу» бұрышында ақын, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Бауыржан Момышұлы атындағы қызыл жұлдыз» орденінің иегері Бақыт Беделханмен поэзия кешінің форматында сыр-сұхбат өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары