Күні кеше тұсауын кескен Qazaq music awards жүлдесі шоу-бизнес өкілдері арасында алауыздық тудырды. Ғаламторда 1 миллион қаралым жинамай «Үздік бейнабаян» номинациясын жеңіп алған Sevenlight тобының мүсіншеге ие болуы «Азия» мен «Бақай» солистерінің ашуын оятты, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.
Qazaq music awards! Күні кеше шоу-бизнес үздіктерін анықтайтын тағы бір премия тұсауын кесті. Қазақ өнер өкілдерінің еңбегін елеп, атқарған істерін сараптауды көздеген жоба авторлары жас өнерпаздардан бастап, халық әртісіне дейін шақырған.
«Бұл премия жастарға үлкен стимул. Себебі, жастарымыз үміттеніп сахнаға шығады. Клиптерін түсіреді. Осы марапат алғаннан кейін тағы да мақсат қояды. Сондықтан стимул ғой жастарға», – деді Роза Рымбаева.
Мұндай премияларды Роза Қуанышқызы қос қолдап құптағанымен, жобаға наразылықтарын танытқандардың саны көп. «Үздік жігіттер тобы» номинациясына «Жігіттер», «101» мен Alem Band және 10iz-дегі бозбалалар таласқа түскен. Алайда, бес жігіттен құралған бойзбендтіктер аға буынның алдын орап кеткен. Десе де, бұл шешіммен өнер иелері келіспейді.
«Күлейін бе, жылайын ба? 10iz тобына жігіттерден құралған үздік топ деп жеңісті берді. Құрылғанына жыл болған топқа, әрине тілекшімін. Десек те, сахналық ғұмырын, сіңірген еңбегін елеп, т.б дүниелерін ескеріп 101 тобына берсе де ренжімес едім», – деп жазба жүктеді Бағлан Абдрайымов.
Жобаның дауы мұнымен шектелмейді. 60 миллион қаралым жинап, ғаламторды дүр сілкіндірген «Опмай опмай» бейнебаяны үздіктер қатарынан көріне алмады. Бұл шешім «Азия» мен «Бақайлықтардың» ашуын тудырса керек. Өздері премияда болмаса да, әлеуметтік желі арқылы жүлде ұйымдастырушыларына ренішін жеткізді.
«Өтірік марапаттауларыңызға жол болсын! «Азия» мен «Бақайды», «Опмай-Опмай» әнін бекер қостыңыздар. Өтірік әділетсіз іс-шараларыңыздың бір жері даңғарадай ашылды. Ютуб негізі жақсы көрсеткіш, ол болмағанда ненің не, кімнің кім екенін білмей кетерме едік. Қаралымы 1 миллионға жетпейтін бейнебаянның жеңгеніне әбден күлдім», – деп Ербол Шәріпов пост жадзы.
Алайда, «Үздік бейнебаян» номинациясын еншілеген Sevenlight жігіттері қарсы пікір білдіруге құлықты емес. Бірақ, Опмай-опмай орындаушыларының өкпесін аталған премия авторларына жеткізген едік.
«Негізі Sevenlight- тың жанкүйерлері тоқтамастан дауыс берді және де комитеттің шешімдері бар. Бірақ енді «Бақай» тобыныкі де жаман деп айта алмаймын. Төрттіктің төртеуі де үздік деген сөз. Енді бәрі үздік болмайды ғой. Біреуі ғана жеңімпаз атанады. Сондықтан Sevenlight дауыспен жеңіп шықты», – деді Жұмабек Елеуов жоба ұйымдастырушысы.
Бұл жолы Q POP- лердің жолы болды. «Үздік үнтаспа» марапатын еншілеген 91-ліктердің номинацияны еншілеуі Кенталдың көңіл-күйіне кері әсерін тигізсе керек. Аталған музыка кешінде Ninety One жігіттерінің сахнадағы бес жылдық еңбегі еленсе, он жылдан астам тәжірибесі бар Талғат Кенжеболатов жүлдегерлер санатынан сызылған.
«Құттықтаймын жігіттерді. Бірақ маған да бір статуетка жасап беруге болады ғой енді. Мүсінше алуға лайықпын, неге лайық емеспін?» – деді Кентал.
Жыл басында ажырастық деп жұртты дүрліктірген Арман мен Аша да жүлдегерлер тізімінде. Алайда Матайдың өзі бұл кеште бой көрсете алмады. Себебі, екінші нәрестесін күтіп жүрген бикештің ай күні жетіп отыр. Десек те, «Үздік дует» марапатын алуға Арманды арнайы жіберген.
«Өкінішке орай Аша денсаулығына байланысты келе алмай қалды. Кішігірім енді сырқаттанып қалды. Бұндай тәуекелге бара алмадық. Өйткені, соңғы ай. Алла бұйыртса аман-есен босанғанын күтіп жатырмыз.Сондықтан «Ау жанымды» жалғыз өзім айтамын», – деді Арман.
Үздіктер марапатталған кеште жоба ұйымдастырушылары өнерпаздарға мүсіншемен қатар екі миллион теңге қаржылай сыйлық табыстаған. «Концерттік шоулар үздігі» марапатын еншілеген Әли Окапов аталған қаржыны жұмсаудың жолын тапқан.
«Енді шығармашылықтан басқа қайда кетеді ол ақша. Мен үшін ең бастысы ең маңыздысы ол менің шығармашылығым, өнерім. Жасыратын ештеңесі жоқ. Өйткені, ол менің наным. Табысым. Сондықтан, өнердің арқасында келген ақшаны өнерден тыс жерге құртқаның дұрыс емес сияқты. Сондықтан, жаңа бейнебаянға ма, әнге ме нақты бірдеңеге кетеді», – деді Әли Окапов.
Сондай-ақ жобада Ұшқын Жамалбеков «Үздік композитор» номинациясымен марапатталса, KESH you-ліктер «Үздік қыздар тобы» жүлдесін еншіледі.