Сөзінің әлқиссасын "Тағы қандай өнерлерiң бар, Қалаулым?!" деп атышулы бағдарлама мен оның қатысушыларынң ерсі әрекетін сынаған әзілкеш Нұрболхан Шарапов өз ойын instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әзілкеш "жүгенсіз кеткен" бағдарламаның қатысушыларының өрескел әрекеттеріне шүйлігіп, олардың ұстанымдарына тоқталды. Айтпақшы, жазба иесі ойының қасына "Қалаулым" бағдарламасының бұрынғы бір топ қатысушыларының ресторанда көңіл көтеріп жүрген кезінде бір қыздың мас күйінде билеп, "арты ашылып құлап қалған" видеосын қоса жүктеген.
"Кiлең жүгенсiз кеткен ләйлiм шырақтар! Болдыңдар-ау әбден! "Қалаулым сен" және "Қалауым live" бағдарламалары ҚАЗАҚ жайлы, қазақтың тарихы, қазақтың батырлары мен қыздары туралы айтпай-ақ қойсын! Сосын, дiндi де, дiндегi мысалдарды да әңгiмелерiңе қоспаңдар! Алдыңғы жабылған бағдарламалар да: бiз қоғамдағы барды бар қылып көрсетемiз деп, ақталып едi.
Алдыңғы шудан кейiн өздерi де басылар деп үн қоспай жүр едiк, қайдағы, қайта өршiп барады. Бiреу емес екеу болды қалаулым. Бала-шаға, ата-ана, туған-туыс, қоғам, тiптi, шетел көредi десеңдер қазақты мұндай масқара қылып көрсетпес едiңдер! Доғарыңдар!
Әттең, Ақпарат және қоғамдық даму министрлiгiне сөзiмiз өтпей жүр. Рейтингтың артында ақша жатқаны және жабылмас үшiн қалта толтаратыны белгiлi ғой, әрине. Әйтпесе, тамырламай тұрып құртуға болар едi бұларды.
Егер нақты тәрбиелiк мәнi бар деп көрсетер болсаңдар, бағдарламаны тiкелей эфирде емес, алдын ала түсiрiп, қырылыс, төбелес, боқ сөздерi бар жерлердi кесiп тастап та 3 сағат қып эфирге беруге болар едi. Бiрақ, сендерге осы аталғандармен ғана рейтинг, ақша келетiнi сөзсiз және осы ғана мақсат едi керегi.
Қазiр, қалаулымның тұрақты көрермендерi мен жақтастары менi даттайтынын бiлемiн.Бұл - өз ойым!", - деп қынжылысын жазып бір-ақ тоқтаған Нұрболханның әбден шыдамы шегіне жеткенге ұқсайды.
"Тәрбиелік мәні жоқ" деп бағдарламада қатысушылар тарапынан бейәдеп сөздер айтылатынын ерсі санайтын оның бұл жазбасын қолдайтындар баршылық екен.
Әзілкештің парақшасына жазылушылар бұл орайда да үнсіз қалмай, оның ойымен келісетінін пікірлері арқылы білдірді.
Мәселен, әнші Сәкен Майғазиев “Жындыны “жынды” десең бөркі қазандай болады”, - деген атам қазақ. Мұндай екі аяқтыларды қыстырмауға тырысып жүрмін. 300 теңге үшін ұлтын сатқандардың рейтингін көтеріп жүрген көрерменге не жоқ деймін де", - деп сахналас інісінің пікірін қолдай жөнелді.