Ресейдің халық әртісі Александр Серовқа белгісіз біреулер оқ атқан. Танымал әнші басынан өткен сұмдық оқиға жайлы "StarHit" басылымына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ria.ru-ға сілтеме жасап.
Әншіге оқ ату оқиғасы 2019 жылдың аяғында Мәскеудегі дәмханалардың бірінде болған. Әртіс қатысқан кештің соңы төбелеске ұласып, бір азамат оның аяғына травматикалық тапаншамен оқ атқан.
"Мәселені еркекше сөйлесіп, шешу үшін далаға шықтық. Дегенмен, жөнді сөйлесіп, ымыраға келе алмадық.Сыртқа шыққанда сөйлесіп тұрған адамдардың бірінше тапанша бар болып шықты. Ол аяғыма оқ атып жіберді", - Александр Серов.
Бір өлімнен аман қалған халық әртісінің айтуынша, қылмыс жасаған адам сол жерде дереу ізін суытып үлгерген. Басы қатерге тігілсе де, Серов бұл оқиға жөнінде полицияға шағымданбаған. Аяғынан жараланған оның жағдайы қазір бірқалыпты. Дәрігерлер өнер иесінің аяғындағы оқты алған.
"Қазіргі кезде аяғымды ақсатып басып жүрмін. Жарақатым біртіндеп жазылып келе жатқан секілді", - деп халық әртісі денсаулығы жайлы шындықты ашып айтты. Дегенмен, әртіс бұл күндері дәрігердің бақылауында екен.