Танымал әнші Мейрамбек Бесбаевтың билікке келгені бәрімізге белгілі. 15 қаңтарда Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланған ол әншілердің шаруасына араласқан Зағипа Бәлиеваға арнап ашық хат қалдырды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мейрамбек Бесбаев өзінің Instagram-парақшасындағы көлемді жазбасын басшылық қызметтегі атқаруы тиіс жұмыстарына кедергі келтіруді көздеген адамға арнады. Ол заң аясында жұмысын адал атқаруына мүмкіндік беруін сұрайды және ол өте мәдениетті түрде әншілердің алуы тиіс ақшаларына көзі түскен Зағипа Бәлиеваның жанды жерінен шымшығандай.
"Мен 2020 жылдың 15 қаңтар күні Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы боп сайландым. Дауыс беруге ұйымның ең жоғарғы басқару органы - құрылтайшылардың жалпы жиыны жасақтаған басқарма мүшелерінің барлығы қатысты. Сайлау өткізуге қажетті кворум болды. Барлық регламент пен заңдылық толықтай сақталды. Хаттама толтырылып, мені бас директор қызметіне кірісуім туралы бұйрық та шығып қойды. Енді келіп, бұрынғы басшылық жаңа басшылыққа қарсы қоқаң-лоққы көрсетіп, әртүрлі жағымсыз әрекеттер арқылы қарсылық көрсетуде", - деп бастады ол жазбасын.
Сонымен қатар, әнші Зағипа Яхияқызының әншілерге тиесілі ақшаны өзінің баласына тықпалаған әрекетін тоқтатуды талап етуде.
"Бұрынғы басшылықтың артында Сіздің ұлыңыз және өзіңіз тұр екенсіз. Сіз заңды түрде сайланған маған, басқарма мүшелеріне қысым көрсетіп, әртүрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарына телефон шалып жатыр екенсіз. Мұныңыз мүлде дұрыс емес деп білеміз! Неге сіз әншілердің шаруасына араласып, алашапқын боп жатырсыз?! Біз соны түсінбей отырмыз. Бұл әрекет-қылығыңыз сіздей үлкен мемлекет қайраткеріне жараспайтын шаруа. Әншілерге тиесілі ақшаға тек сіздің балаңыз иелік ету керек деген ой сізге қайдан келген?! Біз өз шаруамызды өзіміз шешуіміз керек, өзімізге тиесілі қаражатты өзіміз тиісінше жұмсауымыз қажет. Еңбектен түскен қаражат бір қалтаға, нақтырақ айтқанда, сіздің балаңызға емес, мың қалтаға, яғни, маңдай терімен тауып жүрген әншілер мен ән өндеушілердің қалтасына түсу керек. Сізден осындай әрекеттеріңізді тоқтатуды талап етеміз!", - деп ашуға булықты Мейрамбек Бесбаев.