$ 494.87  520.65  4.91

Сәбит Әбдіхалықовты басшылыққа қайтаруын талап еткен театр әртістері сахнаға шығудан бас тартты

Аталмыш ведомство қазіргі директорды қалдыру жөніндегі хаттамаға жауап берді.

Алматыда Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері сахнаға шығудан бас тартып жатыр. Өнер иелері бұл қадамға Сәбит Әбдіхалықов үшін барған. Олар театрдың қазіргі директорын жұмыстан шығармауды талап етіп, өз наразылығын көрсетуде деп жазады Oinet.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Театрда қызмет ететін екі жүзден астам адам қазіргі директордың арқасында театр ісі жақсы жүре бастағанын айтуда. Әртістер бір апта бойы басшысын сақтап қалу мақсатында түрлі әрекеттер іске асырып жатыр. Мәселен, актерлар бүгінгі күні сахнада өнер көрсетуден бас тартып, тиісті мемлекеттік органдарға хат жазумен айналысып жатыр. Театрдағы шығармашылық екінші жоспарда қалып қойған.

Нұржан Бексұлтанова есімді актрисаның айтуынша, соңғы бес жылда басшылық үш мәрте ауысқан. Оның сөзінше, бұл жайт ұжым ішінде келіспеушілік тудырып, театр қарызға белшеден батты. Оған қоса, актерлар гастрольдік сапарлар мен қойылымдарға қарамастан, жөні дұрыс табысқа ие болмаған.

Бексұлтанова қазіргі басшы бұл мәселелердің барлығын шешіп, ретке келтіргенде оны алып тастамақшы екенін алға тартты.

Актрисаның әріптестері оның пікіріне толықтай қосылып, оған қолдау көрсетуде. Олардың сөзінше, басшылықтың ауысуы әсіресе, әртістер үшін кері әсер тигізеді.

Драмтеатрдың тағы бір қызметкері Жеңіс Тұрарбеков кадрлық ауысулардың аса жылдам түрде іске асуының салдарынан мекеме ұжымы жаңа басшыларға үйренісіп үлгермей жататынын айтты. Оның сөзінше, басшылар өз жұмысын толыққанды жасап та үлгермей қалады.

Театр қызметкерлері Сәбит Әбдіхалықовтың арқасында мекеме 14 миллион теңге көлемінде болған қарызын толықтай өтеп шыққанын жеткізді.

Сонымен қатар, әртістерге жаңа киім-кешектер тігіліп, жаңа декорациялар жасалынып, жарық ретке келтірілген. Ал ең бастысы, Әбдіхалықов кезінде халық қойылымдарға асқан қызығушылық танытып, көптеп келе бастаған.

Әртістер Сәбит Әбдіхалықовтың басшылықта қалуын талап етуде. Бұл талаптары жөніндегі хатты театр жұмысшылары мәдениет министрлігіне жіберді.

Аталмыш ведомство қазіргі директорды қалдыру жөніндегі хаттамаға жауап берді. Министрлік өкілдері оны жұмыстан шығару мәселесі мүлдем қарастырылмағанын хабарлап, директор өз орнында қалатынын мәлімдеді.

Министрліктің мәдениет және өнер ісі бойынша департаментінің басшысы Күміс Сейітованың айтуынша, Сәбит Әбдіхалықов қазіргі таңда денсаулығына байланысты демалыс алған. Мұндай жағдайда мәдениет министрлігі оны жұмыстан шығаруға қатысты қандай да бір мәселелерді шешуге қауқарсыз.

Әртістерді дүрлікпеуге шақырып, керісінше қойылымдарға дайындықтарын бастауды ұсынған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары