Атышулы "Қалаулым" бағдарламасының шеф-редакторы Шах-Керім Кәрмен өзін талқыға салған Нұрболхан Шарапов пен Айдын Жұмаханның арасында болған сұхбатқа жауап берді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол екі қазақ жігітін өсекшіге теңеді. Өзін дінге қайшы қызмет етіп жүрген азамат ретінде көрсеткеніне наразы Шаһ-Керім Instagram-парақшасында оларға видеоүндеу жолдады.
"Үндемей-ақ қоя салайын деп едім. Үндемеуге болмай жатыр. Жексенбі күні өмірімде интервью деп айтуға ұяларлық өте нашар интервью көрдім. Интервьюде екі қазақтың азаматы ас үйде отырған жеңгелерімізге ұқсап, интервью емес, өсек айтады. Өсек мен жайлы екен. Бір дәйегі, дәлелі жоқ. Нәтижесінде мені өзімнің ата-дінімнен айырып, мұсылман бауырларымды маған қарсы қойып, мені айтуға ұяларлық діннің өкілі ретінде көрсетіпті. Өзі Айдын мырзаның интервью кезінде алты шұбар жұлдыздың бейнесі бар жейде киіп алып, мұсылмандар жайлы әңгіме айтыпты. Олардан айырмашылығым - мен дәлелмен, дәйекпен сөйлеймін. Өйткені, бұл кәсіби журналистік біліктіліктің талабы", - дейді ол.
Шах-Керім Кәрменнің айтуынша, осы арандатушы тараптың кесірінен жездесінен айрылған. Жездесінің қазасы бұл оқиғаға қалай байланысатынын алдағы уақытта өзі толықтай айта жатар.
"Бірақ жаңағы арандатушы жігіттердің, азаматтардың арандатушылығының нәтижесінде қазір мен, Алматы әуежайында жездемнің жаназасын шығаруға бара жатырмын. Жаназасын шығаруға. Әрине, Айдын мырза қателеспедіңіз. Өйткені мұсылмандар жаназа шығарады. Құран оқиды. "Қалаулым сен" бағдарламасының 3 жылдық тарихында ешбір адамның ар-намысына және өміріне нұқсан келмеген. Сендердің арандатушы жұмыстарыңның нәтижесінде жаназа шығарылып жатыр. Бір Аллаға тапсырдым. Сендерді Алла кешірсін. Ол жігіттердің жұмыстары нәтижелі болмайды. Себебі, Қалаулым бір отбасы. Сендерден басқа сатқындар жоқ", - деп дөп кесті жобаның шеф-редакторы.
Естеріңізге сала кетейік, жақында атышулы «Қалаулым сен» жобасының шындығын әшкере еткен Айдын Жұмахан мен танымал әзілкеш, қоғам белсендісі Нұрболхан Шарапов арасында сұхбатын жариялаған болатынбыз.