10.03.2020, 16:20

«Масқара қылатын»: Сәкен Майғазиевтің анасы ұлының балалық шағы туралы айтты

Фото: yvision.kz, stan.kz
Тіпті, басындағы орайына қарап, кейбіреулер көп әйел алады деген.

Сәкен Майғазиевтің анасы ұлының балалық шағындағы қызықтары туралы айтып берді. Ол кішкентай күнінен бастап-ақ әнге, музыкаға құмар болып өсіпті, деп хабарлайды Stan.kz, «DASTARXAH» бағдарламасына сілтеме жасап.

«Сәкен еркелеген де жоқ. Үйде әлі тұр, жәшіктегі күйтабақтары. Екі жасынан бастап сол орысша, ағылшынша күйтабақтарды қосып қоятын. Сөйтеді де орнында дәрет сындырып тұра береді. Сол кезде «Әй табақтардың атын білесің, неге бұтыңа сигеніңді білмейсің» деп талай ұрдым», – дейді Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы.

Әнші анасына әруақытта «Мені аз емізіп кішкентай болып қалдым» деп қалжыңдайды екен. Оның себебін анасы да түсіндіріп берді.

«45 жыл ата-енеммен тұрдым. Екі келініміз ауру болды. Баласын бес-ақ ай емізіп, тастап кетеді екен. Соның балаларын маған әкеп тастайды. Үш баланы Сәкенмен бірге төртінші қып еміземін. Есі кірген соң айтады ғой «Осы қыздармен бірге емізем, мен кішкентай болып қалды» деп», – дейді Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы.

Әншінің ауылдастары  оны «Қалдыбек» деп мазақтайтын болған. Тіпті, басындағы орайына қарап, кейбіреулер көп әйел алады деген.

«Орайы көп болатын. Бұл бес қатын алады деп масқара қылатын. «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» деп әйеліне айтқан өлеңді қызғанбайсыз ба деп менен сұрайды кейбіреулер. Бұл қандай сұрақ? Әй, нағыз жүрегінің ішіндегі жүрегі әйелі емес пе? Бала туып беріп отыр. Соның арқасы шығар Сәкеннің осындай болып жүргені», – дейді анасы.