26.03.2020, 15:00

«Карантиндегі жұлдыз»: Жұбаныш Жексенұлы бұрын-соңды болмаған концерт өткізді (ВИДЕО)

Иә, әнші біршама уақыт бойы жұрт назарынан жырақтап, сахнаға да сирек шығатын болған.

Күні кеше Жұбаныш Жексенұлы онлайн ән кешін ұсынды, деп хабарлайды Shownews.kz.

Коронавирусқа байланысты  республика бойынша той-томалақ пен концерттер өткізуге тыйым салынғаны белгілі. Бірақ отандық әншілер тығырықтан шығар жол тапқан сыңайлы. Енді шоу-бизнес өкілдері онлайн концерт беруге көшті. Қашықтықтан алғаш ән кешін берген Жұбаныш Жексенұлы.

«Шынымызды айтсақ, мұндай концертті бәріміз де басымыздан бірінші рет кешіп отырмыз. «Карантиндегі жұлдыз» концертіне қош келдіңіздер! Сыртқа құлақ түріп, үйден шыға алмай отырған кезде әрине, осындай іс-шаралар өте маңызды», – деді Жұбаныш Жексенұлы.

Иә, әнші біршама уақыт бойы жұрт назарынан жырақтап, сахнаға да сирек шығатын болған. Қалың жұртшылықпен дәл осылай жүздесуге Жексенұлы жүрексінгенін де жасырмайды.

«Карантин туралы, Қазақстандағы әртүрлі жаңалықтар туралы ойымды айтқым келіп, күні бойы дайындалып жүргенмін. Бірақ эфир басталғанда бәрі есімнен шығып кетті. Көрерменнің алдына көптен бері шықпағаннан ба, сондай бір қобалжу бар», – дейді әнші.

Кеш барысында өнер иесінің репертуарындағы ең таңдаулы туындылары мен жыр-термелер де шырқалды. Сондай-ақ, Абайдың 175 жылдығын жадынан шығармаған Жұбаныш мырза, ұлы ақынның өлеңін де тарту етті.

«Дайындығымыз аз болса да, біз сіздердің көңілдеріңізден шығуға тырысамыз. Уақытша қолайсыз жағдайда қалсақ та, үйде күнімізді мазмұнды өткізіп, осы концерт сияқты қызықты сәттерімізді бөлісіп отырғаныма қуанамын», – дейді өнер иесі.

Life форматта өткен ән кеште, өнер иесінің ұлы Әбілхайыр Жексен де бой көрсетті. Індеттің таралуы тоқтап, әдеттегі өмірге қайта оралған бойда Жұбаныш Жексенұлы да шығармашылығына білек сыбана кіріспек. Өнер иесі гастрольдік сапарлар мен  тыңдарманмен қауышатын күнді күтіп жүр.

«Менің шығармашылығымда, әншілік жолымда біршама уақыттар өтті. Біраздан бері көрінбей қалдым, естілмей қалдым деп айтуға болады. Сондықтан Қазақстанның барлық қаласын, ауылын аралап, концерт беремін деп жоспарлап отырғанмын. Бірақ осы жағдайларға байланысты ол кейінге қалып тұр. Дүрбелең басылып, бәрі орнына келсе деген тілегім бар», – деді Жексенұлы.