Атышулы продюсер Баян Алагөзова Instagram парақшасына белгілі актер Жан Байжанбаевпен жер үйдің шарбағы жанындағы орындықта құшақтасып отырып түскен суретін жариялады. Кезекті бір киносының түсірілімі екен. Сосын сол суреттің астына өзінің коронавирусқа қатысты ойын білдіріп өтті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Шағын ауылда қарапайым ғана өмір сүріп, бау-бақшаға қарап, екі сиыр ұстап, қаймақ пен ірімшік жеп өмір сүрер едім. Жуас, арақ ішпейтін және жұмыс істейтін күйеуім болса болды, өзімді бақытты сезіну үшін басқа не керек?
Ештеңе керек болмас еді. Бірақ, мен айтқан жақсылықтардан басқа ешнәрсе керек болмайтын шағын аустралиялық ауылда емес, Қазақстанда тудым. Сондықтан маған бұдан да көп нәрсе керек. Жұмыс істейтін үкімет, әділетті президент, дамыған инфрақұрылым, сапалы білім, тегін медицина және қарапайым адамдардың бақыты.
Жаңалықты, ютубты қарасам, денсаулық сақтау саласындағы құлдырау, неше түрлі сұмдықтарға толы. «Дамыған Қазақстан» туралы барлық шындық сыртқа шықты. Жылап жатқан әйелдер мен дәрігерлер, ӨЖЖ аппаратынсыз дем алуы қиындаған науқастар. Ал теледидардан күн сайын бәрі жақсы деп ертегі айтуда. Жарайсыңдар! Біз ауру жұқтыру жағынан бірінші орындамыз. Не деген бақылау?!» - дейді Баян ханым.
Осы орайда, ол біздің халықтың бейқамдығын өз көзімен көргенін де тілге тиек етті. Айтуынша, өзі бір құдалық өтіп жатқан дәмханадан тамақ ішуге мәжбүр болған.
«Кеше бізді түсірілім барысында жергілікті кафеде тамақтандырды. Ал онда адамдар ешнәрсеге қарамастан құдалық өткізіп жатыр екен. Міне, біз осылай өмір сүрудеміз», - деп «бас шайқап отыр», момын жігітпен ауылда өмір сүруді армандаған продюсер.