Карантин кезінде той жасаған Төреғали Төреәлінің туыстары не үшін жазаланбағанын тауарлар мен қызметттердің сапасын және қауіпсіздігін қадағалау департаментінің өкілдері айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz.
Департаменттегілердің сөздерінше, әншінің әкесі Төреәлі Төлепов түсініктеме хат жазған. Түсініктемеде өнерпаздың қарындасы Фариза Төреәлі мен оның жары Дархан Нортаевтың неке қию салтанаты ашық аспанда гольф алаңында өткен.
"Той жасау үшін гольф алаңы жалға алынғандығы белгілі болды. 18-ге жуық бір отбасының ғана адамдары мейрамға жиналған. Бұған қоса рәсім 60 минутқа созылып, мерекелік дастархан жасалмаған. Гольф алаңының әкімшілігін жазалау мүмкін болмады. Себебі аудандық ішкі істер бөлімінде тиісті дәйектемелер табылмады. Құқықбұзушылықты дәлелдейтін айғақтардың жеткіліксіз болуынан бұл іс Алмалы ауданының полиция бөлімшесіне қайтарылды", - деді департамент өкілі Кенжегүл Қонысбаева.
Ал Төреәлінің отбасы той өткізген мейрамхана иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті.
"Той өткен мейрамхана иелері әлеуметтік желіде таралған видео мен суреттердегі жиын орнының оларға еш қатысы жоқ екенін айтты. Сол күні әнші Төреғали Төреәлі Нұр-Сұлтанға ұшып кеткен. Мейрамхананың видеоға қатысы бар екенін дәлелдеу мүмкін емес болғандықтан шаралар қолданылмады", - деп қосты департамент өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Төреғали Төреәлінің қарындасының тойы түсірілген видео мен суреттер жұрттың наразылығын тудырған еді. Бұл видео жауапты органдардың назарын аударып тексеріс жүргізіліпті.