16.05.2016, 03:43

Болливуд режиссері Қазақстанда махаббат туралы фильм түсіруде

Үндістан режиссері Джея Би Қазақстанда "Махаббат уақыты" деген атаумен толықметражды фильм түсіріп жатыр. Түсірілім жұмыстары Астана мен Алматы қалаларында жүруде. Режиссердің біздің елге деген қызығушылығы үнді премьері Нарендра Модидің Қазақстанға жасаған сапарынан кейін оянған көрінеді. Бұл туралы 24.kz телеарнасы хабарлап отыр.

Киномаманның айтуынша, ел премьері Қазақстан туралы өте қызықты деректерді көп айтқан екен. Осылайша, Үндістанда түсіріліп жатқан фильм Қазақстанда жалғасын тауыпты.

"Режиссерлердің көбі фильмдерін Еуропа мен Америкада түсіруге құмар. Ал, маған сіздердің ел ұнады. Менің фильмім арқылы Қазақстанды барынша көп адам таныса екен деймін. Кинокартинаның өзі экранға үш айдан кейін шығады", - дейді Джея Би.

Айта кетейік, бұған дейін танымал түрік актері Бурак Озчивит те Қазақстанға келіп киноға түсуді қалайтынын айтқан болатын. Ол көпшілікке "Сүлеймен сұлтан" телесериалы арқылы танымал.