Бірнеше хит әндердің авторы, елімізге танымал композитор Бауыржан Есебаев Қайрат Нұртасқа деген өкпесін айтты. Айтуынша, танымал әншілер атағы шыға бастағанда, берген әудесінен тая бастайтын көрінеді.
Бұл туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтылды.
Бауыржан Есебаев бірнеше әншіге талай ән жазып берді. Елге танымал көптеген әншілердің ән қоржынында Бауыржан мырзаның әні бар. Сазгердің әндері тез тарап, хитке айналатыны белгілі. Алайда оның өтеуі ретінде қомақты қаражат уәде еткен әншілер уақыт өте сертінен тая бастайды.
"Бірде Гүлзира Айдарбекова ұлына 15 мың долларға сағат алып бергенін айтып жатыр екен. Қайрат көрші бөлмеде отырған. Есікті жауып, Қайраттың қасына бардым. Сен маған "коттедж алып берем дедің бе?" дедім, "иә" деді. "Джип алып берем дедің бе?" десем, "иә, аға" дейді. "Қайда соның бәрі? Қолыңдағы сағатыңды шеш" дедім. Қайрат "қазір, аға" деп шығып кетті де, қалтасында мың доллары бар, қайтып келді. "Осыған сағат алыңызшы" деп ұсынды. "Мынау анамның сыйлығы еді, бере алмаймын" деп ақталды", - деді сазгер.
"Әншілер ән жаздыратын кезде уәдені үйіп-төгеді. Оның бәріне үйреніп қалғам. Бәрі сөйтеді. Кейін уәдесін ұмытып кетеді. Оны қалыпты жағдай деп қабылдауға болады. Олардың сөзіне сеніп, қашан не алып береді деп күтіп жүрген жоқпын. Ол жай ғана сөз жүзінде ғой", - деді хит әндердің авторы.
Айта кетейік, Есебаев мырза Қайрат Нұртасқа 16 хит ән жазып берген автор.
Дереккөз: stan.kz