Танымал әнші Қарақат Әбілдина күйеуі Қыдырәлі Болмановқа тоқал әпермейтін болды. Тіпті, өзінің мұндай ниетінің де болмағанын айтып отыр. Ал, бұған дейін Instagram-парақшасында тоқал туралы жазған жазбасына ол әзіл ретінде қарауын сұрады.
Естеріңізге салайық, жуырда ғана эстрада әншісі өз күйеуінің туған күніне тоқал әперетінін айтып, тыңдармандары мен интернеттегі оқырмандарын бір шулатқан болатын. Алайда, Қарақаттың өзі мұны тура мағынада емес, Қыдырәліні қаншалықты жақсы көретінімді білдіру ниетте жаздым деп отыр.
"Мен халқыма екі әйел алуды насихаттаудан аулақпын!!! Алдында достарымыздың арасында отырып, Қыдекеңнен сыйлық жайында сұрағанымызда, екінші әйел сыйласаң деп әзілдеген еді. Сол сөзін есіме сақтап, құттықтау тілегіме міндетті түрде екінші әйел жайында қосып жазармын, еркек қауымына өте жағатын әңгіме ғой деп, Қыдырыма деген сезімімді ойыма ештеңе алмай, паш етіп жазуға бел шештім. Бомба болып жазылған сөзімді оқығаннан кейін Қыдекең құшағына қысып тұрып: "Жаным сол! Ниетіңе рахмет! Маған деген сезіміңді өте жоғары бағалаймын. Мен сені ғана жүрегіммен сүйемін! Мәңгі біргемін" дегені ниетімнің орындалғаны еді. Ең басты тосынсый - ол алыстан, жан-жақтан өзім жинаған жан достары болды. Балаша қуанған жүзін, бақытты сәтін көруден басқа артық ой болған жоқ менде. Отбасымыз аман, ұрысқан жоқпыз, таласқан жоқпыз Алла сақтасын! Өнеріммен көкке көтеріп жүрген халқымның болмашы нәрсе үшін жазған ауыр сөздеріңіз бен неше түрлі болжамдарыңыз жүрегімді сыздатты. Шындығында, ешкім ешнәрсе бүлдірген жоқ, ешкім зиян шеккен жоқ. Біз сол сіздер білетін, бір-біріне сенетін, махаббатты құрметтейтін Қыдырәлі мен Қарақатпыз. Солай бола береді де" дейді Қарақат Әбілдина өзінің Instagram-парақшасында.
Танымал әнші сондай-ақ, сыртынан ғайбат айтып, балағаттағандарға кешіріммен қарайтынын да айтты.
"Әппақ адал ниетімді сан-саққа ұшыратып, біраз жерге апарып тастадыңыздар. Сыртымыздан балағаттап, ғайбат сөздер жазған жандарды Алла кешірсін! Үндемей қалғанға бәрін оқымады, көрмеді, әсер етпеді демеңіздер" делінген Қарағаттың әлеуметтік желідегі жазбасында.
Айта кетейік, Қыдырәлі мен Қарақаттың төрт ұлы бар.