Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген "Қытай дауысы" жобасындағы қазақ қызының өнеріне тәнті болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жобаға қатысқан Мәдина Думан Димаш Құдайбергеннің "Ұмытылмас күн" әнін айтқан еді.
"Бүгін біздің қарындасымыз Мәдина Думанның әдемі дауысын естідім. "Қытай дауысы" жобасының тәлімгері Ли Цзянь мырзаға менің әнімді таңдағаны үшін алғыс айтқым келеді. I am singer жобасында ауырып қалғаным есіңізде шығар, маэстро Ли. Жобаға қатысушы ретінде сіз маған сирек кездесетін дәрі-дәрмектерді әкеліп, менің тезірек жазылуымды қалап едіңіз", - деп жазды әнші Instagram-дағы жеке парақшасында.
Сонымен қатар, Димаш "Қытай дауысы" жобасының қатысушысы Мәдинаға сәттілік тіледі.
"Мәдинаға менің әнімді тамылжыта орындағаны үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Бұл әнді қалаған жерде айтыңыз. Мұндай әнді сен сияқты керемет әншінің орындауы мен үшін үлкен бақыт. Мәдинаға сәттілік тілеймін. Сенің атақты болатындығыңа сенемін", - дейді танымал әнші.