14.08.2016, 04:57

"Villacher Kirchtag" халықаралық фольклорлық фестивалiне Қазақстан алғаш рет қатысты

Оңтүстікқазақстандық ресми делегация 2016 жылғы тамыз айында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Аустрияның Каринтия федералдық жeрiмен ынтымақтастық орнату мақсатында Аустрия мемлекетіне барып қайтты. Жұмыс сапары барысында 4 тамыз күні Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде Клагенфурт қаласының «Europahaus» қабылдау үйінде "Тұмар" фольклорлық және "Қазына" би ансамбльдерінің қатысуымен «Қазақстан маржандары» атты концерт өтті. Концертке Каринтия федералдық жерінің қоғамдық-саяси және іскер ортасының өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, 5-6 тамыз аралығында Филлах қаласында биыл 73-ші рет ұйымдастырылып отырған Еуропадағы ең iрi "Villacher Kirchtag" халықаралық фольклорлық фестивалiне Қазақстан алғаш рет қатысып, еліміздің атынан Оңтүстік Қазақстан облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның "Тұмар" фольклорлық және "Қазына" би ансамбльдері қазақтың ұлттық өнерін паш етті.

Фестиваль аясында аустриялық және шетелдік фольклорлық ансамбльдер екі күн бойы Еуропаның барлық өңірлерінен келген 50 мыңнан астам көрермен назарына өз өнерлерін ұсынды. 3000-ға жуық ұлттық киім киген қатысушылардың шеруімен қорытындыланған фестивальге Қазақстанның қатысуы, еуропалық қоғамға ұлттық құныдылықтарымызды жақын таныстыруға мүмкіндік туғызды.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Аустриядағы ҚР Елшілігі және Каринтиядағы құрметті консулы П.Зандриссердің қолдауымен ұйымдастырылған осы іссапар, екі ел өңірлері арасында аймақаралық ынтымақтастықтың дамуына жол ашты.