09.08.2016, 11:23

Маңғыстаудың жас актерлар труппасы астаналық өрендермен толықты

Астанадағы «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері Маңғыстауға келіп жұмыс істейтін болды. Дипломдық спектакль қойылымынан кейін оларға Маңғыстау облыстық қуыршақ театрынан шақырту түскен. Екі түлек бұл ұсынысты ойланбастан қабыл алды дейді театр жетекшісі Фарида Атакеева.Айгерім Ерсімбекова мен Әбілқайыр Сәлімбаев ҚР еңбегі сіңген әртіс Құралай Ешмұратованың шәкірттері. Жоғарғы оқу орнын бітіре салып олар драматург Бекболат Пармановтың «Дос болайық» спектаклін қойып үлгеріпті.

- Бұл спектакль біздің репертуарымызда бұрыннан бар. Бірақ, бұл жолы оның құрамына Айгерім мен Әбілқайырды қосып отырмыз. Дипломдық спектакльдің қойылымы кезінде дәл осы екі түлектің өнерлері маған қатты ұнады. Дулат Исабековтың «Мәңгілік бала» пьесасы бойынша дипломдық жұмысты қабылдаған комиссия да олардың актерлік шеберліктерін жоғары бағалады. Айта кету керек, комиссия төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыздың өзі болды. Жас артистер қазірге дейін Надежда Насырованың «Қожанасырдың алтын есегі» атты спектакль қойылымында өнер көрсеткен. Бұл ұжыммен олар жазғы лагерьлерге барып та үлгерген, - дейді Фарида Атакеева.

Бүгінде жап-жас мамандарға театр тарапынан 2 бөлмелі пәтер бөлініп отыр. Баспананы былтыр Маңғыстау облысының әкімдігі театрға сатып алып берген.

Ал, Әбілқайыр мен Айгерімнің бір шаңыраққа қоныстануы да бекер емес екен. Олар жуырда некелесіп, үйлену тойын жасауды жоспарлап отыр.

- Бізге бұл жерде ұнайды, жанымызға жайлы. Ұжым да, театр ғимараты да, қала, үйіміз – бәрі керемет! Бізге жолды өз ұстаздарымыз көрсетті, Маңғыстаудағы қуыршақ театры республикадағы үздіктердің бірі деп ақыл-кеңестерін айтты. Мұнда келіп бұл сөздердің шындық екеніне көз жеткіздік. Біз жаспыз, өз ісімізді сүйеміз, бір-бірімізді сүйеміз, - деген жас аристер жігерлене жұмыстарына кірісіп кетті.