Республикалық байқаудың Маңғыстаудағы кастингі Ақтау қаласындағы М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда өтті. Оған 7 мен 13 жас аралығындағы 70-тен астам бала келіп, өз бағын сынады.
Ал, іріктеу жеңімпаздарын анықтаған әділ қазылар алқасының құрамына танымал әнші Ернар Айдар, продюсер Фарида Ниязова және композитор Ғалымжан Есепбергенов кірді. Бұл республика бойынша жүргізілген кастингтің соңғы «аялдамасы» болатын.
- Іріктеу кезеңдерінің нәтижесінде қазылар алқасы әр облыстан ең үздік 16 жас дарынды таңдап алды. Олар ән мектебіне шақырту алады. Ал, Маңғыстау облысының намысын аталған байқауда Карина Шайгузова, Луиза Нұрқуатова және Нұрай Айбарқызынан құралған трио қорғамақ. Әділ қазылар алқасының мүшелері таңдау жасаудың өте қиын болғанын айтып отыр. Олардың айтуынша, Ақтаудағы кстингке жас таланттар тым көп келген, - дейді жеңімпаздың анасы Румия Шайгузова.
Енді жеңімпаз атанған трио екі апта бойы сольфеджио, хореография және актерлық шеберлік сабақтарын өтетін болады. Ал, «Бала дауысы» жалпыұлттық телевизиялық балалардың ән байқауы қазан айының соңында Алматы қаласында өтетін болады.
Естеріңізге салайық, осыдан бір айдай уақыт бұрын құрамында Карина Шайгузова бар ақтаулық «Жұлдыздар» квартеті халықаралық «Бозторғай» ән фестивалінде гран-при иегері атанған еді.
Ал, 2015 жылы 11 жастағы Луиза Нұрқуатова «Славян базары» халықаралық фестивалі аясында өткен «Витебск-2015» халықаралық балалар ән байқауын жеңіп алған болатын.