«Life Style» би студиясының шәкірттері Грузияда өткен өнер олимпиадасынан елге бірінші дәрежелі лауреат дипломын және «Үздік солист» номинациясы бойынша жүлде алып келді. Бұл туралы өнер ұжымының хореографы Лилия Лахмоткина айтып берді.
Айта кетейік, «New Life-2016» бүкіләлемдік халықтық өнер олимпиадасы Грузияның Кобулети қаласында өткен болатын. Оған әлемнің 14 елінен 1,5 мыңнан астам үміткер қатысты. Қатысушылар қатарында Латвия мен Эстония, Польша мен Қазақстаннан және өзге де мемлекеттерден бишілер мен әншілер бар.
- Біздің ансамбль екі номинация бойынша өнер көрсетті: балалар – 5-9 жас аралығындағы бишілеріміз және «Соло» номинациясы бойынша. Байқауда балаларымыз үнді және шығыс халықтарының, топтық заманауи биін биледі, - деді Лилия Лахмоткина.
Бүкіләлемдік олимпиада қатысушылары вокал және би жанрларында сынға түсті. Байқауда «Үздік хореографиялық композиция – интерпретация», «Үздік тақырыптық сюжеттік қойылым», «Үздік би қойылымы», «Үздік костюм», «Ең жас қатысушы», «Көрермендер көзайымы» және өзге де номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Қатысушылар 10 балдық жүйемен бағаланды. Әділ қазылар алқасының құрамына Грузия мен өзге де елдердің мәдениет және өнер қайраткерлері кірген болатын.
- Байқау қорытындысы бойынша, біздің балалар «І дәрежелі лауреат» дипломын жеңіп алды. Сондай-ақ, менің өзімнің өнерім үшін «Үздік солист» жүлдесін жеңіп алдық. Біз әрине олимпиададан орын алуға барымызды салдық. Бірақ, қатысып, еленгеніміздің өзі үлкен мәртебе. Байқау алдында балалар қатты толқыды, өз кезектерін 7 сағаттай күтті. Өйткені, бізге ұйымдастырушылар қашан шығатынымызды ескерткен жоқ. Ал, бәсекелестердің даңқты болғанығы балалрды одан сайын толқытты. Бірақ, біз өзімізге артылған міндетті орындадық, - дейді Лилия Лахмоткина.
Айта кетейік, Лилия Лахмоткина жетекшілік ететін өнер ұжымы Ақтауда осыдан екі жыл бұрын құрылған болатын.